Home » Гвоздь номера » ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ДІНІ мен Діни басқарма арасындағы ҚАЙШЫЛЫҚ ХАҚЫСЫНДА

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ДІНІ мен Діни басқарма арасындағы ҚАЙШЫЛЫҚ ХАҚЫСЫНДА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №45 (409) от 7 декабря 2017 г.)

Ислам және қазақ


(Соңы. Басы газеттің өткен санында)

Қазіргі күні қазақты сол киелі, қасиетті жолдан бас тартқызып, орнына араб дәстүршілдігін тықпалап отырған ҚМДБ-ның алға қойған мақсаты не? Ертең оның нәтижесі қандай болмақ? ҚМДБ-ның бұл әрекетінің нәтижесі – қазақ халқын дәстүрлі діні мен діни танымынан, рухани, мәдени болмысынан ажыратып, дүмбілез халықты қалыптастыру болмақ.

Қазақтың дәстүрлі діни танымындағы «бірінші дәптер» – шариғат. Шариғат тек адамзат қоғамы емес, бүкіл жаратылыстағы физикалық болмыстың қозғалу тәртібін реттейтін заңдылықтар жүйесі. Адамзат қоғамы түгілі, бүкіл жұлдыздар әлемі Жаратушы Тәңір Тағаланың жасаған заңдылықтар жүйесі арқылы қозғалады. Сол себепті шариғат алғашқы дәптер деп аталған. Осыған байланысты Қожа Ахмет бабамыз өз «Хикметінде»:

«Шариғатсыз тариқатқа кіргендердің

Шайтан келіп, иманын алар ерміш», –

дейді. Демек, шариғат «бірінші дәптер», тариқат – рух әлемімен сабақтастық – «екінші дәптер». Йасауи бабамыз «екінші дәптер» сырларын ашу арқылы түркі жұртын рух әлемімен сабақтастырды. Ол өз шәкірттерін рух әлеміне байланыстыра отырып, оларды «суфра тұту» үшін түркі әлемінің төрт бұрышына аттандырады. Сөйтіп, Йасауи жолының түркі әлеміне таралуымен бірге рух әлемімен сабақтастық та бірге таралды. Бұл түркілердің рухани-мәдени болмысының араб қоғамынан мүлде бөлек бағытта дамуына ықпалын тигізді.

Адамды мұсылман деп, сыртқы ғибадаттарына қарап емес, ішкі рухани болмысына қарап бағалайтын болды. Түркі баласы ар-иманын бәрінен де жоғары қойды. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұстаным түркі баласының айнымас қағидасына айналды.

Қожа Ахмет Йасауи Абу Ханифаның ұстанымдарын негізге ала отырып, түркінің көнеден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайтадан қалпына келтірді. Арабтың салт-дәстүріне негізделген «Ахл ал-Хадис» өкілдері қалыптастырған шариғаттан бас тартты. Ислам дінінің негізгі бес ұстыны – бес парыз ғана қабыл етілді. Сенім мәселесінде Имам Матуриди ақидасы негізге алынды. Бұл түркінің еркін ойлау жүйесінің дамуына, ғылыми танымның кеңеюіне жол ашты.

Ең бастысы, Қожа Ахмет Йасауиден кейін дін тілі де, ғылым мен білім тілі де, мемлекет тілі де – түркі тілі болды. Жошы ұлысында Йасауи жолының мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілуі мемлекетті озық ойлы, ұлы мемлекеттер деңгейіне көтерді, Алтын Орда атанды. Йасауи жолы өкілдерінің жанқиярлық еңбегі арқасында мемлекеттің басқару жүйесі толығымен өзгеріп, көне түркілік сипат алды. Рулық-тайпалық жүйелер рухани бірлік негізінде қайта қалыптастырылып, олар жүздерге топтастырылды. Мемлекеттің құқықтық жүйесі толығымен йасауийа тариқаты өкілдерінің қолына беріліп, билер институты құрылды. Мемлекетте абсолюттік билікке хан да, би де, қара да ие болған жоқ. Абсолюттік билік заңға, шариғатқа берілді.

Әділет салтанат құрған заман орнады. Ғылым мен әдебиет, мәдениет дамыды. Қазіргі күнге дейін келіп жеткен Алтын Орда мемлекетінің құрамында болған түркі халықтарына ортақ әдеби жәдігерлердің барлығы дерлік осы кезеңде пайда болды.

Міне, сондай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» орнатқан Йасауи жолы өкілдері халық жадынан шыққан жоқ. Қазақтың шежіресінен де, санасынан да мәңгілік орын алды. Әулиелерге айналды. Олар дүниеден өткен соң да сан ғасырдан бері қазақ халқының рухани тұтастығын ұстап тұратын рухани қазықтарға айналды. Оларды халық әулие деп босқа басына көтерген жоқ. Олар шын мәнінде Алланың кереметіне ие бола білді. Сондықтан олар қаншама жыр-дастандардың кейіпкерлеріне айналды. Қашаған жыраудың:

Аллалаған пір өткен,

Туына жұртты түнеткен.

Таспиқ, зікір жария,

Мешіттің ішін гүл еткен, –

деп жырлауында үлкен мән бар еді.

Өкінішке орай, Өзбек ханның ұлы Жәнібектің абсолюттік билікке жетемін деген мақсатпен Йасауи жолынан бас тартуы, Йасауи жолы өкілдерін араб дәстүршілдігі өкілдері, ғұламалармен алмастыруы – Алтын Орда мемлекетінің күйреуіне әкелді. Алтын Орда құрамындағы түркі халықтарының алғашқы этникалық жіктелуі осы кезде басталды. Алтын Орда мемлекетінің күйреуінен кейін, Еуразия кеңістігінде пайда болған кіші хандықтардың барлығы Йасауи жолынан бас тартып, басқа діни идеологияны қабылдауы олардың мемлекет ретінде тарихтан кетуіне, түркілердің этникалық жіктелуіне ықпал етті. Қазақ хандығы да сол саясаттың құрбаны болды. Йасауи жолы өкілдерін билік жүйесінен шеттетіп, орнына басқа діни идеологияны қабыл еткен соң, мемлекеттің құрылымдық жүйесі өзгерді. Рулық-тайпалық жүйенің билігі әр ру, әр тайпаның өзінен шыққан билерге берілді. Бұл мемлекеттің ішіндегі алауыздықтың тууына, ру-тайпалар арасындағы теңдік принципінің бұзылуына, өз кезегінде ру-тайпалар арасындағы араздықтың өршуіне әкелді. Мұның соңы мемлекеттің толығымен күйреуімен аяқталғаны жалпыға аян.

Қазақ хандығы ыдырап, солтүстігі – Ресей патшалығының қол астына, оңтүстігі – Қоқан мен Бұхар, батысы – Хиуа хандықтарының қол астына өткен соң, Йасауи жолы өкілдерінің орнын қазақтың ақын-жыраулары басты. Олар қазақтың діни-рухани тұтастығын сақтап қалу жолында арпалысты. Ең кереметі – олардағы діни, ғылыми танымның кеңдігі адамды таңқалдырмай қоймайды. Мысалы, әлемнің жаратылысына байланысты жыраулардың айтқандары біздің заманымыздың ғалымдары тарапынан енді ғана дәлелденіп жатқан шындық десек, артық айтқандық емес. Мысалы, Нұрым жырау мен Қашаған жырау арасындағы айтыста Нұрымның әлемнің жаратылысына қатысты қойған сұрағына Қашағанның берген жауабына зер салып қарайтын болсаңыз, онда қазақ қоғамындағы ой-сананың қаншалықты жоғары болғанын көресіз. Қашаған жырау былай дейді:

Иманнан жырақ болмайды,

Таспих айтып санаған.

Жұмаққа барад дейді тергеусіз,

Алласы анық қалаған.

Дүниенің басы әуелі,

Меруерт тастан жаралған.

Меруерт тас еріп, су болған,

Судан түтін – бу болған,

Аспан, жер содан жаралған.

Адам менен Лаухы,

Кәләм, Абзал баршасы,

Сол заттан дейді жаралған.

Он сегіз мың ғалам болғанда,

Үш бөлім болып тараған,

Алтауы болар жәмәдәт,

Алтауы болар нәбәдәт,

Алтауы болар хайуанат.

Үш алтыны қоса ғой,

Он сегіз мың жан болад.

Білмеген адам таң болад.1

Міне, біз мысалға келтіріп отырған Нұрым мен Қашағанның айтысындағы жұмбақ айтыс қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізі қаншалықты тереңде екендігін көрсетіп отыр. Сұрақты қойып, жұмбақты жасырып отырған Нұрымның да, оған жауап беріп отырған Қашаған да діни танымы өте тереңде екендігіне толық дәлел бола алады. Қашағанның жауабындағы «Меруерт тастан жаралған» деп айтуының өзі қазіргі күні физика ғылымы «үлкен жарылыс» деп атаған әлемнің жаралуы туралы тұжырымның қазақ халқының санасында көнеден бері қалыптасқан таным болғандығын дәлелдеп отыр.

Одан кейінгі «он сегіз мың ғалам» туралы айтқан ойларының өзі қазақ халқының діни танымының көкжиегін айқындайды.

Сондай-ақ адамзат тарихынан да, пайғамбарлар тарихынан да қазақ халқының тарихи санасында терең білім болғанын Шернияз Жарылғасұлы мен Махамбет арасындағы сөз қағысудан байқаймыз.

«Жарылғас бидің баласы Шернияздың «Сарай ақыны» атанып жүрген кезі. Сол уақытта Шернияз да әкесінің ауылында екен. Махамбеттің хабарын естіген Шернияз әкесіне Махамбеттің сыртынан өзін сынап-мінеп жүргенін айтып, ауылына келгесін онымен сөз таластырмақ ойы барын білдіреді. Махамбеттің мінезін, сөзінің уытын жақсы білетін, ақынға іштей тілеулес Жарылғас би: «Шырағым, Махамбетке қарсы сөз айтпа! Егер айтар болсаң, әуелі қонақ етелік, содан кейін ауылдан аттанар кезде, аттандырып тұрып, онда да тек қана алты ауыз сөз айтарсың. Одан көп айтуға ол мылжыңның кісісі емес», – деп ескертеді.

Шернияз әкесінің айтқанын істеп, Махамбет ауылынан аттанғалы жатқанда былай дейді:

Көп үйрек көлде жатқан көлгілікті,

Ғалымдар шариғаттан сөз біліпті.

Баласы Өтемістің ер Махамбет,

Бізге айтар не сөзің бар ізгілікті?..

Атына тақым салған Махамбет шапанының шалғайын жинақтап, тақымына басып, он алты өрім тобылғы сапты қамшысын қолына сығымдай ұстап тұрып:

Әліп, Ләм, Айнмен тұрар «Әлхам» басы,

Мүйімнің Бимен тұрар «Бісмілләсі».

Мүйімнің құйрығы имек, ортасы ақ,

Білсең айт, осы ненің ишарасы?

Он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан,

Лашын құс дамыл таппай қанат қаққан,

Телегей-теңіз тасып, шамданғанда,

Жемсау құс тұғырдағы қайда жатқан?

Көп қағып, дауылпазы көл шайқалған,

Арғымақ бір шапқанда дүние көшіп,

Айналасы алты айшылық жер жайқалған.

Күн бұлт, ай қараңғы, жортар құлжа,

Шернияз, шешен болсаң жылдам болжа!

Түйіліп, таң мезгілі мұнар шалып,

Төрт лашын бір сұңқарды қылған олжа.

Хат жаздым қалам тартып, сөз әзірлеп,

Тар жерде «сөйле» дедің, «бол әзір» деп.

Арқадан қайта айналып келгенімше,

Шернияз, жауабымды қой әзірлеп, –

дейді де, атын қамшымен бір тартып, жүріп кетеді. Өзін білікті санап, сол кезде сарай еркесі атанып жүрген, әрі: «Тап осы жерде не айта қояр дейсің?» – деп, Махамбетті сүріндірмек болған Шернияз ескілікті сөзді сұрауын сұраса да, жұмбақтың шешуін таба алмай, әлек болады. Егер Махамбет Арқадан қайтып оралғанша жұмбақтың шешуін таппаса, өз басына қауіп екені анық. Әбден қаны қарайып жүрген кекті ақын басы жерге жеткенше жаттың жарбақшылары мен құйыршықтарының мазағы мен қорлығына көнбек емес. Соны сезген Шернияз әр жерден ат ізін салып, жұмбақты шеше алатын адам іздестіргенімен, ондай адам табыла қоймайды. Ақыры Маңғыстаудағы Абыл ақынның ауылына хатпен адам жіберіп, жұмбақтың шешуін сұрап, бұйым салады. Сол кезде Абылдың жасы алпыстың үстіне шығып кеткен шағы екен. Жасы кіші болса да, Махамбеттің құдай берген ерекше қасиетін айрықша бағалайтын Абыл оның шығар биігі мен алар асуының жоғары болуын тілейтін еді. Көтерілістің қайғылы жайларына, Исатайдың өліміне, Махамбеттің қазіргі тірлігіне қатты қиналып, жанашырлық білдіргенімен, қолынан келер көмегі азайған шақта Шернияздың сәлемін алған Абыл: «Махамбет оң көзім болса, Шернияз сол көзім еді. Екі көзді таластырмас үшін Жаратқан Ием ортасына мұрын қойыпты ғой. Өресі өсе қоймаған Шернияздың сұрауы есіл Махамбеттің шамына қатты тиген екен, арты жаманшылыққа ұласып кетер, екеуін татуластыру үшін, жұмбақты шешіп көрейін» деп, Махамбеттің жұмбағын былай шешіпті:

Әліп, Ләм, Айнмен тұрар – «Әлхам» басы,

«Алланың» бұл үш әріп ишарасы.

Мүйімнің Бимен тұрса «Бісмілләсі»:

Расул мен Періштенің нышанасы.

«Мүйімнің – деген сөзі, – ортасы ақ»,

Жүрегі ол – пайғамбардың, шын асыл зат.

«Құйрығы имек» болса, қияметте,

Үмбетіне Мұхамбет болады жақ.

«Отыз аққу» – Дәуіттің отыз ұлы,

Сәждеден бас көтермей шықты демі.

«Кеудеңді күпірліктен таза сақта!» –

Он досы пайғамбардың айтты мұны.

«Лашын» – Әзірейіл болар мұның мәні,

Замана ер жігіттің зығырданы.

Лашынның жолына тұрған несі,

Жемсау құс тыныш жатпай тұғырдағы?!

«Төрт лашын бір сұңқарды олжа қылса»,

Шернияз – жөн болмапты ұрынғаны.

«Көп қағып, дауылпазы көл шайқаған,

Арғымақ алты айшылық жер жайқаған.

Күн – бұлт, ай – қараңғы, жортар құлжа» –

Астарын бұл айтқанның кім байқаған?

Шернияз, алысқа сал екі көзді,

Әуелі болжап алмай айтпа сөзді.

Жауырып ел арқасы, ер жүрегі,

Күн – бұлт, ай – қараңғы, еңсені езді.

Ел көшіп, құлазиды құла шағыл,

Тәңірім тілекті етсін десең қабыл, –

Меңзеуі Махамбеттің сол емес пе:

«Айдынды көл, айшықты белден табыл!».

Шет болмасаң пайғамбар сүннетіне,

Шын сүйген айналарсың үмбетіне.

Жарасаң ел-халықтың қызметіне,

Құдайдың бөленгенің – құрметіне!

Абыл жырау келген кісіден: «Шерниязға айта бар, жұмбақ сөзінің мәнін ұғынсын, әкімдіктің буына мастанып, тоғышар тірлігіне көңілі өсіп, астамшылық сөз сөйлеп, іс істеуден бойын аулақ салсын. Жараның аузын тырнамай, елдің маңынан, ердің жанынан табылсын!» – деп сәлем айтып жіберіпті»2.

Бұл мысалда айтылған жұмбақ пен оның шешуінде қазақ халқының діни танымының қаншалықты терең екендігін көруімізге болады. Осындай тереңдікті халық санасына құя білген, сол арқылы діни дүниетанымын қалыптастырған – қазақтың ақын-жыраулары болатын. Солардың арқасында қазақ халқы «Сияр шәріп» дастанымен сусындап, тек қазақ халқы тарихымен емес, бар адамзат тарихынан хабары болды. Оларға бұл қасиет жайдан-жай дарыған жоқ. Рух әлемімен сабақтас болған соң ғана терең мағыналы ілімге ие бола алды.

Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың «Сопы айн ал-йақин, илм ал-йақин дәрежесіне көтерілген кезде оған жеті қат көктегі, жеті қат жер астындығы құпия мәлім болады», – деген сөзінің астарында үлкен мән бар екенін сезінуімізге болады. Оған дәлел – Асан қайғы, Мөңке би, Тайжан би, Мәшһүр Жүсіптің болашақты болжауы. Егер де олар рух әлемімен сабақтастықта болмаса, «Лаух ал-Махфуздан-Тағдыр тақтасынан» хабары болмаса, ондай болжамдарын жасай алмаған болар еді. Сондай терең рухани ілімге ие болған қазақ халқы өзінің бекзаттық сипатынан күні кешеге дейін ажырамаған болатын. «Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған», түрмесі болмаған, арамдыққа жаны қас, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін біз ауыз сөзбен шешкен» де қазақ болатын. Соның барлығына қазақ дәстүрлі діни танымының кеңдігінің арқасында жетті. Оның негізінде Абу Ханифа мазхабы, Имам Матуридидің ақидасы, Қожа Ахмет Йасауидің рух әлемімен сабақтастырушы ілімі жатты.

Қазіргі күні қазақты сол киелі, қасиетті жолдан бас тартқызып, орнына араб дәстүршілдігін тықпалап отырған ҚМДБ-ның алға қойған мақсаты не? Ертең оның нәтижесі қандай болмақ? ҚМДБ-ның бұл әрекетінің нәтижесі – қазақ халқын дәстүрлі діні мен діни танымынан, рухани, мәдени болмысынан ажыратып, дүмбілез халықты қалыптастыру болмақ. Оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Елді дүрліктіріп, терактілер жасап, шетелдерге «жихадқа» кетіп жатқандар – осы ҚМДБ мешіттеріне барып, уланғандар. Өйткені уаххабилік-салафилік идеология өзінің бастауын сол «араб дәстүршілдігінен», ханбали мазхабынан алатынын діннен аз-кем хабары бар кез келген адам біледі. Мұны ҚМДБ-ның білмеуі мүмкін емес. Соны біле тұра, бұл бағыттан бас тартпауына қарағанда, ҚМДБ қазақ халқын тарихтан кетіруге бел шешіп кіріскен сияқты.

Зікірия ЖАНДАРБЕК,

тарих ғылымдарының кандидаты

1Нұрым мен Қашаған айтысы // Адайдың тіл таңбалы ақындары.

2Тіл таңбалы Адайдың ақындары.

About Zika1961

Добавить комментарий