Home » Дат|Каз » ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДЕГІ КЕДЕЙ ЕЛДЕРДІҢ БІРІ

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДЕГІ КЕДЕЙ ЕЛДЕРДІҢ БІРІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №28 (392) от 11 августа 2017 г.

 

Желідегі жазбалар

 

 

АнекDAT

 

– Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?

Онлайн-баһадүр:

– Жазыспақ керек).

Әділет Ыбырайдың ФБ-парақшасынан

 


 

 

Кәрім Мәсімов премьерлік еткен 10 жылдың ішінде (Президент аппаратын басқарған аз ғана жылды қоса есептегенде) еліміздің сыртқы қарызы 155 миллиард долларға жеткен. Бұл жан басына шаққанда әр қазақстандыққа (1 жасар баланы қоса есептегенде) 9100 доллардан келеді деген сөз.

 

Қаржы дағдарысы кезінде мұнайға тәуелді еліміз тағы да шетелден қарыз алуға мәжбүр болды. Не үшін? Бюджеттің жыртығын жамау үшін. Ең сорақысы – қарапайым халықтың (ҚР азаматтарының) зейнетақы қорына қол салды. Теңге бағамын реттеу және Ұлттық экономиканы аяққа тұрғызу үшін деген желеумен – азаматтардың жылдап жинақтаған қаржысын алды. Қордағы қаржыны жұмсарда халықтың пікірі сұралмады.

Бүгінгі таңда 9,6 миллион электораттың (дауыс берушілердің) 7,3 миллионы тұтынушылық және ипотекалық несие алып отыр. Тіпті, олардың 1,3 миллионы соңғы 3 айдың шегінде несиелерін төлей алмаған. Бұл – кедейлік. Қазақстан әлемдегі ең кедей елдердің қатарында. Өзге мемлекеттердің тұтынушы жәшігімен біздікін салыстырып көрген Өскеменнің қоғамдық кеңес өкілдері осындай тоқтамға келген. Бұл туралы «Қамшы» порталы gazeta.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Қазақстанның қазіргі жағдайы әлемдегі ең кедей Чад республикасы мен Африканың жағдайымен теңескен. Бұл – еліміз азаматтарының 1,3 миллионы кедей екендігінің дәлелі. Болжаммен 80 пайыздан астам қазақстандықтар банктерге қарыз екен.

Соңғы 10 жылдың ішінде мемлекеттік холдингтерге қолдау білдіру үшін бюджеттен 33 миллиард доллар жұмсалыпты. Ал бөлінген қаржы бюджетке қайтты ма?! Тағы да жоқ. 18 миллиард доллар қарызы бар «ҚазМұнайГаз» мемлекетке дивиденттерін қайтармақ түгілі, қайтадан көмек сұрап, алақан жайып отыр деп жазады Абай кз (Нұрзат Т. 07.08.2017).

Нұрлыбай ҚОШАМАНҰЛЫ

 

 

ПАТРИОТ ХАЛЫҚ

қалай пайда болады?

 

Араб Әмірлігінің тұңғыш президенті жерінен мол мұнай қоры табылғанда, «мұнай таусылғанда, халқымды немен асыраймын» деп ойлап, «еліміздің көшелеріне төселген әр тасқа дейін, ғимараттардың қабырғасына қаланған әр кірпішке дейін туристерді тартатын болсын» деп бұйрық берген екен. Араб Әмірлігінің мемлекет болып қалыптасқанына 50 жыл да болған жоқ. Бүгінде гүлденіп, дамыған мемлекет табысының басым бөлігі мұнайдан емес, туризмнен жинақталады.

 

Енді қараңыз! Мен осы күндері Чехияның Мариянские Лазни деген алақандай ғана курортты қаласында демалып жатырмын. Дүние жүзінен туристер келеді. Бұл қалада ешқандай өнеркәсіп жоқ. Экологияны бүлдірмеу үшін солай етіп қойған. Қала халқы туризмнен түскен қаражаттан-ақ балқып-шалқып отыр. Имандай шыным, табиғаты жағынан біздің Алма арасанның сұлулығымен таласа алмайды. Ертеректе Алматы халқы шілденің ыстығын Алма арасанда өткізетін. Суы қандай шипалы еді! Кейіннен бұл шипажайды біреу сатып алыпты деп естідік. Қазір ит те жоқ, ит байлаған жіп те жоқ! Алма арасан көзден бұл-бұл ұшты. Қазақстанда табиғаты жанға жайлы, суы дертке шипа орындар көп. Тек сервис жоқ. Сервис бар жердің бағасы аспанға ұшып тұр. Одан да шет елге барып, ел көріп, жер көріп қайтқаным мың есе артық. «Патриот бол, ақшаң елге бұйырсын» дейтіндер алдымен өздері патриот болып алсын!..

«Жердің асты мен үстіндегі байлықты сатып, қойны-қонышымды ақшаға толтырдым, енді халық немен күн көреді?» деп ойланатын, Құдайдан именетін ЕР болмаса, патриот ЕЛ қайдан болсын?

Гульмария БАРМАНБЕКОВА

 

 

ҮШ ҚЫЗ – ҮШ ТАҒДЫР…

Орталық Азиядағы көршілес үш елдің тәуелсіздіктің бастауындағы саяси тағдыры үш қыздың тағдыры секілді үш түрлі болды. Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың тұңғышы Бермет – ертегісі ерте таусылған xаншайым. Әкесі қызын парламентке депутат еткені сол еді, отбасын саясатқа араластырғысы келген президентті xалық тез арада өз орнына қойды. Бір күнде ду еткен елден үрейі ұшқан төл президент билік түгілі, бас сауғалап, отбасымен Мәскеу қашып тынды. Қашқын әкесімен бірге Бермет Ақаеваның үлкен саясаттағы жолына нүкте қойылды! Қырғыздар бейресми монарxияға жол бермейтінін келесі президенттерінде де анық байқатты. Елді билеп-төстегісі келген Максим Бакиевтың тағдыры Берметтен ары аса алмағаны естеріңізде шығар…

Өзбекстанды өмірінің соңына дейін армансыз басқарған марқұм Ислам Кәрімовтың еркетотайы Гугуша кезінде Орталық Азиядағы ең ықпалды әйелдердің бірі болатын. Тіпті кезінде әкесінің мұрагері деген болжам жасалынды. Ал бүгінде одан асқан мүсәпір жоқ. Әкесі барда-ақ басынан бақ кеткен экс-xаншайымның xәлі қазір тіптен мүшкіл. Асау атты басында жүгендемесең, ырық бермейді: Ислам әканың басты қателігі сол болатын.

Бірақ, Кәрімов кейбір көршілес әріптестері секілді қос-қостап әйел алмады, «қолын мезгілінен кеш сермесе де», ел ісіне отбасын араластыруды сап тиды. Жеке саяси ойын жүргізгісі келген Гүлнәрдің ырығына көнбей (қызға тиесілі бүкіл медиаимперияны жауып, сандаған компанияларды тартып алды, 2013 жылы «салықтан жалтарды» деп, үстінен қылмыстық іс қозғап, үй қамаққа алды), тым асқынып кеткен амбициясының күл-талқанын шығарып, тікелей айтқанда, әкесінің кім екенін танытты.

Тура сол уақытта АҚШ «Өзбекстанның телекоммуникациялық рыногына енуді көздеген шетелдік инвесторлардан пара алған» деп, Гүлнәрға айып тақты. Швейцариялықтар оффшорға байланысты жеке тергеу жүргізді. Өздері қасақана түрде «пара беру» операциясын ұйымдастырып, Орталық Азияда өз мүдделеріне сай саяси ойын жүргізуге ыңғайлы болу үшін, кейін қылмыстық іс қозғайтын Батыстың барымташылары қақпанына Гүлнәрді әдейі түсірді ме, әлде шынымен миллиардтаған сома көлемінде пара алды ма?

Әке-жүрек Батыстың құрған қақпанынан қызын аман алып қалу үшін, Гүлнәрдың неде болса Өзбекстанда қалуы үшін арнайы ұйымдастырылған «қылмыстық драма» ма? Бәлкім, Ташкенттің ресми мәлімдемесі (Гүлнара Каримованың қамауға алынғаны жөніндегі – Ред.) сол драманың жалғасы шығар?

Қалай десек те, Өзбекстанның тұңғыш басшысының қызына басында «тәйт» демеуі, отбасылық трагедияға әкеп соққызды… Туған қызының жаһан таныған анадай әкесін жұртпен бірге ақтық сапарға шығарып салып, бір уыс топырақ сала алмауы – трагедия емей немене?!

Көршілес қос тұңғыш қыздың тағдырынан гөрі, қазақстандық xаншайымның асығы алшысынан түсіп тұр. Төрт құбыласы түгел, медиаимпериясы орнында, бала-шағасына тиеселі компаниялары жыл санап өсіп жатыр. Өзі мультимиллионер. Премьер-министрдің орынбасары, «Нұротан» партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Қазір білдей сенатор! Ән айтам десе – ән айтады, би билеймін десе – би дайын. Оның бағына орай, кешірімшіл әке мен көнбіс қазақ деген xалық бар. Күйеуінің қылмысын, өзінің оффшорын, саяси сүріністерін, «үштілділік» бойынша реформаторлығын, барлық-барлық еркелігін кешіріп келеміз. Бірақ, алдағы уақыт оның еркелігін көтере ме? Барлық гәп сонда ғой!

Дина ЕЛГЕЗЕК

 

 

Қазақтар құлдық санадан

ӘЛІ АРЫЛҒАН ЖОҚ

 

Қазіргі жастарымыз бен орта буын ағаларымыздың басым көпшілігінің қоғамдағы әділетсіздікке деген көз қарастары жоғары. Солай бола тұра, неге ұлтымыз осыншама қайғылы күйге түсіп бара жатыр?

 

Ойланып отырсам, тағы сұрақ туындайды: сол былтырғы сәуірде Макс пен Талғаттың қасында бірге 7000-ға жуық болған халық қайда қазір? Қаным қайнайды: соншама 7000 адам осы екі батырларымыз жазықсыз сотталып жатқанда үнсіз, ошақ қасында тығылып жатқандай көрінді… Әншейін, үйде отырып, Фейсбукта ғана сөз көтергенге мәз болып алғанбыз. Билік пен бұқараның арасына диалог орната алмай келеміз. Саясат саxнасында жүріп, суын ішкен саясаткерлеріміз тек экранның арғы жағында әдемі сөйлеумен шектелген шындықты мойындайық.

Менің бір байқағаным – қазақтар әлі құлдық санадан арылмаған. Бостандық пен Тәуелсіздіктің қадырін түсінбеген қазақ, енді мың Макс пен Талғат сияқты батырларды ұстап қамап жатса да немқұрайлы қарайтын болады. Өйткені қазір қазақтың басым көпшілігі елге, ұлтқа жаны ашыған намысты жігіттердің бастамаларын жалғастыра алмай келеді. Оның дәлелі – ұлтым деген жанашыр азамат Жанболат Мамайды да құтқара алмай, жазықсыз күйгелі жатқанын көріп отырмыз. «Тәуелсіздік» деген ұғымды білмеген қазақ ондай батырлардың қадірін қайдан түсінсін!?

Ринат РАФХАТ

 

 

303-ші АВТОБУС

 

Бүгін эксперимент үшін, Қосшы (Астананың маңы – Ред.) деген жерге 303-ші автобуспен бардым. «Азия Парк» аялдамасынан Қосшыға дейін 56 минут жүрдім. Сонда байқағаным:

 

1) Автобуста 99,999% қарапайым, тұрмысы орташа қазақтар.

2) Жолдың бойында 4 басты аялдама бар – «Green Village», «Лесная Поляна», «Перизат» және «Қосшы».

3) «Green Village» деген ми даланың ортасында қоршалған 20–25 коттедждер. Автобус сол аялдамаға келгенде, ешкім түспеді, ешкім кірмеді. Яғни GV коттедж қалашығындағылар Астанаға өз көліктерімен барып келеді.

4) «Лесная Полянада» автобустың 50% түсті. Бір-біріне ұқсаған 5 қабатты, 9 қабатты үйлер. Қазақтар көп шоғырланған жер екені көзге байқалды.

5) «Перизат» деген дүкеннің аты. Ол аялдамадан адамдар аздау түсті. Перизат аялдамасында қымбат зәулім сарайлар салынған. Яғни, ол аймақта тұратын адамдар да, Астанаға (90%) өз көлігімен қатынайды.

6) Соңғы аялдама Қосшының өзі болды. Айнала ми дала. Кейбір үйлерде адамдар тұрып жатса, кейбір жерде құрылыс бұрқырап жатыр. Автобустың қалған адамы сол жерден шығып, ары қарай тағы жаяу кетіп бара жатыр.

Тоқ етері: қазақ – кедей. Жолшыбай автобустағы адамдардың көздеріне қарадым: тұрмыстан шаршағандық, ой-мұңға толы көздер. Кейбіреулер қаладан шаршағаннан, ұйықтап та қалды.

Анда-санда Әсет һәкімге (Исекешев – Ред.) айтқызбай-ақ, қоғамдық көлікке отырып, xалықтың шын бейнесін көрген пайдалы. Өз басым жұмысқа жаяу барып-келем, бірақ бүгін Қосшыға өз-өзімнен барғым келіп кетті.

Самат НҰРТАЗА

About Zika1961