Home » Дат|Каз » Қауқарсыз қарттар НЕГЕ ҮНСІЗ ОТЫР?

Қауқарсыз қарттар НЕГЕ ҮНСІЗ ОТЫР?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №05 (276) от 05 февраля 2015 г.

 

Оқырман хаттары

Жанайқай

 

Мен сияқты жеңіл атлетикадан олимпиада жүлдегері, екі диплломы бар әженің қолына Светлана Жақыпова сияқты шенеуніктер түссе, сазайын берер едім!

 

«ДАТ»-тың өткен санындағы (№4, 2015 жыл) «Үкіметің үнемі қарттарды қырқыстыратын болды» деген мақаланы оқып, қатты назаланғаным соншалық, инфаркт болудың алдында қалдым. Осы газеттің тұрақты оқырманы ретінде, жасым 92-ге келген еңбек ардагері тұрғысында қолыма қалам ұстап, хат жазуыма тура келді.

 

Жасы келген қарттарға мұндай сұмдықты есту өте ауыр. Біз көрген азап, ауыр бейнетті айтып жеткізудің өзі қиын. Вице-министр Светлана Жақыпованың айтқан сөзін – сауатсыздық дер едім. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай шенеуніктерді қызметке кездейсоқ тағайындағанына күмәнім жоқ. Сауатсыз шенеуніктер елдің жарқын болашағы үшін маңдай терін төккен қариялардың жазығы не деген сауалға жауап бере ала ма?

Күні кеше ғана бір туысқанымның мерейтойында болған едім: сол жерге келген қарттардың үкіметке қарғыс батасын беріп отырғанын өз құлағыммен естіп қайттым. Демек, бүгінгі билік бүкіл елдегі бірнеше мыңдаған қарттардың наласына қалғанына күмәнсізбін. Мүгедек жандардың зейнетақысын бөліп жарып, үнем жасау – ақымақтың ғана ойына келетін іс.

Ел байлығын тонап, шетке тасып, миллиардтарды жымқырған алпауыттардың біреуінің ғана үлесін есептесе, бүкіл елдегі қарттардың азын-аулақ зейнетақысы шыға келетінін біз білмей отыр деп ойлай ма екен? Мен сияқты жеңіл атлетикадан олимпиада жүлдегері, екі диплломы бар әженің қолына Светлана Жақыпова сияқты шенеуніктер түссе, сазайын берер едім!

Ал қауқарсыз қалған қарттарым-ау, сіздер неге үнсіз отырсыздар?!

Бірнеше күн бұрын теледидардан тыл еңбекерлеріне бір реттік әлеуметтік көмек көрсетеміз деген Қызылорда облысы әкімінің хабарламасын көріп қалдым. Осындай сүйінші хабарды соғыс кезінде жанын аямай еңбек еткендердің күтіп отырғаны қанша уақыт болды? Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілуде, мен оны қызғанып отыр деп ойламаңыздар. Ал Ұлы Жеңіске үлес қосқан тылдағы еңбеккер неге елеусіз қалды? Осы мәселе жөнінде қызылордалықтардан басқа ешкім жұмған аузын ашқан жоқ.

Осы хатты жазып отырып, біраз естелік есіме түсіп отыр. Соғыс жылдарында Шымкент облысы Мақтаарал ауданының «Қызыл абад» «МТС»-ның жанынан құрылған саяси бөлімнің бастығы (политотдел) Қалдарбек Тұрғымбаев, орынбасары Ақмұрзаев мені осы бөлімнің көмекшісі ретінде аудандық комсомол комитетіне жұмысқа жіберді. Міндетіміз – ел арасында идеология жұмысын жүргізіп, колхоздағы шаруашылық жұмысын ұйымдастыру болатын.

Колхозшылардың үйіне түнде мақта қауашағын аршып, мақтасынан ажырату үшін, қап-қабымен өгіз арбаға тиеп апарып беретінбіз. Ертеңінде тазарған мақтаны қайтадан тиеп алып, зауытқа өткіземіз. Қазақстанның мақтасы соғыс кезінде стратегиялық маңызға ие болғаны баршаға мәлім! Оған тылдағы еңбеккерлер мол үлес қосты. Сонымен бірге жүн иіріп, шұлық, қолғап тоқып, әскери комиссариатқа тапсырдық. «Үлгілі» атанған қырық қызы бар колхозда кестелі орамал, темекі ұнтағын, «махорка» салатын қалташаларды тігіп, хат жазып, соғыстағы жауынгерлерге «посылка» салып жіберетінбіз. Хат арқылы танысқан жауынгерлердің соғыстан аман қайтқандары «Үлгілінің» қыздарына үйленіп, үйлі-баранды болып жатты Сол бір 1942 жылдың егіс даласында бидай ору науқаны басталғанда, «Өнімкер» колхозындағы комбайншының жәрдемшісі Бибай деген (тегін ұмытып қалыппын) келіншектің киімдерінің арасынан төрт қадақ (екі келі) бидайды аудандық милиция бастығы Қанаш Байжанов тауып алып, қамауға алып кетеді. Сотқа Бибайдың 7-сыныпта оқитын баласы Еркін арызданып, масақ теруге келген оқушылармен бірге бидайды үгітіп, тазартып, апамның киімі жатқан жерге тастаған едім деп жазыпты. Сөйтіп апасын абақтыдан құтқарып қалады. Осындай адамгершілікті түсінетін заманнан өтіп кетіппіз.

Сұм соғыста тылда еңбек еткендердің қатары азайды, тірі қалғанының бірі мен ғана сияқтымын. Айтатын естеліктерім жетерлік, бүгінгінің билік басында отырған шенеуніктері азап шеккен ақсақалын, қариясын құрмет тұтудан қалды. Жақсы өмір кімнің арқасында келгенін ұмытты.

Ертеректе ел президентіне хат жолдап, он сегіз тармақтан тұратын ұсыныс жасаған едім. Соның бірі – ел байлығын тонап, шетелде зәулім сарай салғандардың қаражатын елге қайтарту сіздің қолыңыздан келеді деген едім. Оған жауап ала алмадым. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегендей, ел ішінде жүрген әңгімелерді менен басқалар тікелей президентке жазуға ешкімнің дәті бармайтын сияқты. Олар балаларының өмірін, өздерінің мансабын ойлайды. Жоғары лауазымды шенеуніктер елінің жанашыры болса, бүгінгі биліктің беделі түсіп бара жатқанын неге ойламайды? Президенттің таңдаған «командасы» шынайы дос, шын тілектес бола алмады. Қылмысқа қатысы бар шенеуніктер дер кезінде жауапқа тартылмады, бетімен кетті.

Қазақ атам айтқан, «қанағат қарын тойдырар, қанағатсыздық кедейдің жалғыз атын сойғызар» деп. Президенттің тағайындаған кадры Светлана Жақыпова қарттардың қалтасын қағуға кірісті. Он жеті жасымнан партия, комсомол қызметін атқарған, көзі ашық, көкірегі ояу, жасы тоқсан екіге келген әженің естиін деген хабары осы ма еді?

Дәмен ҮСЕНБЕКОВА,

Алматы қаласы

About Zika1961