Home » Дат|Каз » АТЫ ЖОҚ ҚАЛА немесе шілденің басы НЕГЕ ШІЛІҢГІР?
071817_1738_1.jpg

АТЫ ЖОҚ ҚАЛА немесе шілденің басы НЕГЕ ШІЛІҢГІР?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №26 (390) от 5 июля 2017 г.

 

Желідегі жазбалар

 



Жыл сайын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнінің қарсаңында, яғни шілде айының басында мен телерадио мен интернетті әдейі сөндіріп, газет-журналдарды оқымайтын болдым…

 

Өйткені онсыз да күнделікті өмірімізде ернеуінен асып-төгілген өтірік мақтаулардың дәп шілденің 6-сы күні сыздауығы жарылып, жұртшылық жаппай жер жүзіндегі жалғыз аты жоқ қала – Астананың туған күнін тойлап жатқандай сыңай танытқанымен, шын мәнісінде, шыбындай құжынап, сонадай ызыңдаған шенеуніктер елбасының туылған күніне «қатты қуанып», лайықты сыйлықтар әзірлеп, әуре-сарсаң «жарысқа» түседі…

Қазақ елінің бұрынғы аты шулы үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдиннің елбасымен көзқарастарының айқын ажырауы да – дәп осы «астананы Алматыдан – Ақмолаға көшіру туралы» шешімі болған екен деген де сөз бар…

…Ойдан – ой туатыны сияқты, бір себепті – екінші себеп сүйресе, бір қателіктің құлағынан келесісі айырылмайды…

Елдің айтуынша, осыдан 15 жыл бұрынғы Қажыгелдин мен елбасының егесінің екінші себебі – мемлекеттің саяси-экономикалық өміріне үлкен отбасы мүшелерінің жөнсіз-қисынсыз араласып, килігуі болса керек. Әкежан Мағжанұлы үлкен отбасы мүшелерінің бұл қылығының түбінде мемлекеттің келешегіне қауіпті екендігін ашық мәлімдеген. Атап айтқанда, Сара Назарбаеваның, Дариға Назарбаеваның, Рахат Әлиевтің, Болат Назарбаевтың, Тимур Құлыбаевтың өздерін тым-тым еркін сезініп, ойларына келгенін істеуі – Әкежан Қажыгелдиннің қатты шамына тиген…

Арада небәрі 10–15 жыл өткенде, өкінішке қарай, Әкежан Қажыгелдиннің қаупі толықтай ақиқатқа айналып, ең жақын туыстары елбасының жеке басының абыройына орасан нұқсан келтіріп, Қазақ елінің әлем алдындағы беделіне дақ түсірді, керек десеңіз, елдің іргесінің сөгілуіне де жақын сорақылықтар жасады…

Жағымпаздар мен жарамсақтар, ұрылар мен қарылар, білімсіздер мен біліксіздер, даңқойлар мен жемқорлар жайлаған қоғамда жыл сайын өндірілетін 60–70 млн тонна мұнайдың өзі теңіздегі тамшыдай болмашы көрінетіні де сондықтан… Мұнайшысы маңып кеткен, қойшысы қаңғырып жүрген, мұғалімі – мұқалған, дәрігері – дәрменсіз; есесіне ұрысы – тайраңдаған, қарысы – жайраңдаған «тәртіптің» түбінде үміт-шырағы көріне қояр ма екен?..

…Әр жылда шілде айының басында мен телерадио мен интернетті әдейі сөндіріп, газет-журналдарды оқымайтын болдым…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

 

 

 

ӨСУ МЕН ӨШУ

 

Нұрсұлтан Назарбаевтың «алдымен экономикасы» Қазақстанның экономикалық дамуын нендей күйге түсіргенін дәлелдеп қажеті жоқ. Көздеріңіз көріп отыр. Бүгін-ертең ғажайып орнай қалады деп сеніп те керек емес. Қазіргі билік бұл тұрғыда бар ресурсын сарқып бітті. Сарқылған бұлақтан су іздеу – бос иллюзия.

 

Ендігі үміт Қазақстанға басшы болып келетін үміткерде. Белгілі экономист Қайырбек Арыстанбеков келер басшыға тоқтап қалған экономикалық дамуды серпілту үшін он ұсыныс жолдапты. Негізгі ұсыныс – саяси реформа жасау!

Неге Малайзияда экономикалық даму тежеліп қалды? Өйткені ол елде саяси реформа жүргізілмеді. Конституциялық монархия мен авторитаризм күшейе түсті. Ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) адам басына шаққанда 10 445 доллар ғана! Бұл – өсу емес, өшу. Тура біздегідей!

Ал саяси реформа жүргізуден қашпаған біраз елде экономикалық даму бар. Қараңызшы, Словенияда жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнім 28 554 долларға жеткен, Чехия 27 мыңнан астам доллар, Эстония 26 мыңнан аса, Польша – 23 мың, Литва – 25 мың долларға өскен. Яғни, демократияға бағыт алған елдерде экономикалық даму қарқын ала түскен, ал Қазақстан секілді авторитарлы елдерде керісінше, оты жоқ арбадай тұрып қалған.

Әлемдегі 194 мемлекеттің ішінде соңғы 30 жылда саяси еркін елдерде адамдардың табысы 2-3 есе өссе, саяси тұншығушы елдерде әлеуметтің табысы 35 пайызға төмендеп кеткен…

Өскіміз келсе, біздің ендігі таңдау – демократиялық жол болуға тиісті. Ол – президенттің құзырындағы мәселе дегенімізбен, ерік-таңдау халықтың өзінде екенін ұмытпауымыз керек!

Дина ЕЛГЕЗЕК

 

 

 

Өмірдің өзі АнекDAT

 

ЭКСПО-ға 3 билет алсаңыз, 4-шісі тегін берілетін көрінеді. Әлден. Әлі 1 ай өтпей жатып.

Енді болжам жасайық – тағы бір 20 күн өткен соң, әрбір 3-ші билет, тағы 20 күннен кейін 2-ші билет тегін, ал тағы 20 күннен кейін, яғни 1 тамызға таман мүлдем тегін кіргізуі мүмкін.

Ал қыркүйектен бастап, көшеде қуып жүріп ұстап, зорлап әкеліп кіргізуі ғажап емес. Өйткені залдар бос болмауы керек қой, енді қайтеді… имитация жасамаса бола ма? Әйтпесе 5 млрд-тан ұят қой…

• Қуаныш Еділхантегінің ФБ-парақшасынан

 

 

 

«130 ҰЛТ» ДЕГЕНIМIЗ

ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

 

Осы мәселелердi анықтау үшiн, статистика мәлiметтерiне сүйенiп көрейiк. Соңғы санақ бойынша, Қазақстан халқы 17 693 000 екен. Оның iшiнде ұлттар құрамы мынадай (пайызбен): қазақтар – 65, орыстар – 21,8, өзбектер – 3, украиндықтар – 1,8, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немiстер – 1,06, кәрiстер – 0,61, қалған халықтардың құрамы 1 пайыздың оннан бiр, жүзден бiр бөлiктерiмен ғана шектеледi. Бұл мәлiметте 23 ұлттың аттары берiлген. «Және басқалары» деген жерде 0,57 саны тұр, яғни қалған ұлт өкiлдерiнiң бәрiн қосқанда, 0,57 пайыздан аспайды. Бұдан шығатын қорытынды: Қазақстанда негiзiнен қазақтар тұрады. Ал ендi «130 ұлт» деген бәле қайдан шыққан?

«Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады» деген сөз Кеңес Одағы кезiнде, нақтырақ айтсақ, 1950-60 жылдары пайда болды. Ол кезде Қазақстанда ұлттар санын көбейту саясаты жүрдi.

Мәселен, Чукоткадан бiр чукча, не болмаса Камчаткадан бiр камчадал көшiп келсе, оларды да бiр-бiр ұлт деп санап, қоса бердi. Ондағы мақсат – Қазақстандағы негiзгi ұлттың, яки қазақтардың салыстырмалы үлес салмағын мейлiнше һәм мүмкiндiгiнше азайта беру едi. Сөйтiп, Кремль бiрте-бiрте қазақтардың туған тiлiн, салт-санасын ұмыттырып, Қазақстан жерi «иесiз жатқан жер болатын», «бұл жердi гүлдендiрген, елдендiрген – орыстар» деген пiкiрдi қалыптастыруды көздедi. Тiптi болмай бара жатса, «Қазақстанды – Қазақстан еткен осы жердi мекендеп жатқан 130 ұлт. Ал қазақ – сол 130-дың бiрi ғана» деу үшiн. Көздеген мақсатына жетуге сәл ғана, аз ғана қалған кезде Құдай өзi жар болып, бiз бөлiнiп кеттiк. Қазақстан тәуелсiз ел атанды.

Ал ендi ойланыңдаршы, ағайындар-ау, кезiнде Кремль ойлап тапқан осы саяси амалдан, яғни «Қазақстанда 130-дан астам ұлттар тұрады» деген алдамшы, абыройсыз, қазақты етегiнен тартып, ешуақытта қыр асырмайтын осы бәледен жиренудiң орнына, оны мемлекеттiк саясатымыздың басты бағыты, басты ұстанымы етiп алғанымыз қалай? Бұл бәледен қашан құтыламыз және қайтiп құтыламыз?

Қуанышбек КЕРІМҚҰЛОВ,

профессор

 

 

 

ШАШ ЖҰЛЫП, ЖЫЛАУ КЕРЕК

26 жыл тәуелсіздігімізде халық саны бір миллионға көбейіпті. Президент риза. 17 миллионнан – 18 миллион. Тура осы уақытта халық саны Өзбекстанда 12 миллионға, яғни 30 процентке артыпты.

Біз кедей деп есептейтін Нигерия 90 миллионға, яғни екі есеге өсіпті. Ал қытай халқы осы аралықта 300 миллионға көбейіпті, 30 процентке артыпты. Ал біздің халық саны қаншаға өскенін есептеудің өзі ұят: 6-7 процент.

Сондықтан, президент мырза, сізбен бірге қуана алмайды екенбіз. Қуану емес, шаш жұлып, жылау керек.

• Сұлтан Сүлеевтің ФБ-парақшасынан

 

 

ДАБЫЛ!

Президенттің ҚР «Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктерді тегін емдеу туралы» заңының қабылдануы ҚР Конституциясына және ҚР Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 1 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 және 12-баптарын ресми түсіндіру туралы» №12 қаулысына қайшы. Президенттің ҚР «Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктерді тегін емдеу туралы» заңы ҚР Конституциясына, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің нормативтік қаулысына қайшы заң ретінде күші жойылуы тиіс.

ҚР Конституциялық кеңесі елбасының заңнан тыс қол қойған құжатына назар аударуы керек. Барлық қоғамдық ұйымдар, саяси ағымдар, қоғам белсенділері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, дәрігерлер қауымы, заңдылықты қадағалаушы құзырлы органдар бұған назар аударулары тиіс.

• Нұрлыбай Қошаманұлының ФБ-парақшасынан

 

ӨМІР СҮРЕЙІК ПЕ,

ӘЛДЕ ҚОЯЙЫҚ ПА?

Картоп бағасы шарықтап тұр. Сол да проблема ма? Картоп жемей-ақ қойыңдар!

Нан бағасы өскелі біраз болды. Иә, олай болса, нан да жемеңдерші, оған қоса нан мен картоп денсаулыққа, анау айтқандай, пайдалы тағам емес.

Үйдің бағасы өсіпті. Енді? Бұл Астана ғой. Астанадағы жұмыстың қаражатына қызығып өзің келдің, сені күштеп әкелген біреу бар ма? Осындай логикамен ақыл айтатын адамдар көп екен. Нан да, картоп та жемей-ақ қойдық, мейлі. Астанадан да пәтер алмайық та, жалдамайық та… Бірақ бір сұрағым бар: өмір сүрейік пе, әлде сүрмегеніміз дұрыс шешім бола ма?!

Клара ЕРМАҒАМБЕТОВА

About Zika1961