Home » Гвоздь номера » АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ – ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕГІ ДАҢҒАЗА

АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ – ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕГІ ДАҢҒАЗА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №36 (400) от 05 октября 2017 г.

 

ДАТ!-Сауалнама

 


 

Билік ЭКСПО-дан кейін қандай дүрмекті ойлап табады екен деп жүргенімізде, «Астананың 20 жылдығы» деген дата далиып шыға келді. Президент Назарбаев Астананың 20 жылдығын мерекелеуді өткізуге дайындық ретінде «Ел жүрегі – Астана» концепциясын жүзеге асыру мақсатында комиссия құруды тапсырып, екі ай мерзімде Астана мен Алматы қалалары, облыс әкімдерімен бірлесіп іс-шаралар жоспарын әзірлеуді үкіметке тапсырыпты. Бұл даңғазаны ұйымдастыру және оны уақытында қаржыландыруды қамтамасыз ету президент әкімшілігіне жүктелген. ЭКСПО шығындарын қымтау қамындағы күзгі қымбатшылық пен коммуналдық тарифтердің күрт өсуі қақаған аязға ұласар шақта ел тұрғындарының мойнына тағы бір қиыншылық қамыты ілінгені анық.

Мерекелік датаны атап өту жөніндегі президент өкіміне ел пікірін білмек болып, қоғам өкілдерінің арасында сауалнама жүргізу мақсатында ұсынылған сұрақтар мынадай еді:

1. Ел экономикасы дағдарыстың қыспағында қалған кезде Астананың 20 жылдығын тойлау қазақстандықтар үшін өмірлік қажеттілік деп ойлайсыз ба?

2. «Ел жүрегі – Астана» деген той концепциясын Қазақстан аймақтарының кенде қалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен салыстыруға бола ма?

3. Республика бюджетіне қосалқы салмақ салатын осы мерекелеуге кететін қаржы шығынын елдің қандай әлеуметтік-экономикалық саласына жұмсау халық үшін ұтымды болар еді?

 

Уәлихан ҚАЙСАРОВ,

қоғам қайраткері,

экс-сенатор (Астана):

1. Мен ешқандай қажеттілікті көріп отырған жоқпын. Кеше ғана сол Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі онсыз да болып жатқан экономикалық дағдарысты айтарлықтай жеделдетті. 500 миллиард теңгеге жуық ақшаны аш көз бір-ақ адамның мақтануына, өзімшілдік көңілін көтеруге пайдаланылды. Енді сол қаражат халықтың мойнына екінші рет ауыр салмақ болып түсіп отыр. Бірінші рет – ЭКСПО-ны салуға ақша жиналса, екінші рет – ЭКСПО өтіп болғаннан кейін жұмсаған ақшаны қайтару. Сол себепті президенттің ауызынан шыққан «коммуналдық тарифтерді көтеріңдер» деген сөзі соған дәлел деп есептеймін. Онымен ғана қоймай, Астана қаласының әкімі Әсет Есекешевтің ауызынан шыққан «Астана қаласы ішінде жүрген автобустардың жол ақысы не 300 теңге болуы тиіс, немесе әр пәтерден ай сайын 3800 теңгеден коммуналдық түбіртекпен төлемдер қоса жиналуы керек» деген сөзінің астары белгілі болды. Міне, осының бәрін еске ала тұрып, қай бір есі түзу адам Астананың 20 жылдығын тойлау өмірлік қажеттілік деп айтады екен?

2. Осы уақытқа дейін, ширек ғасырдан аса уақыттың ішінде елімізді басқарып жүргендер өздерінің басқару қабілетсіздігімен және алдын ала ойланудың әлсіздігінен ел экономикасын және халықты тақырға бірнеше рет отырғызып қойғанын сезбей отырып, ойына келгенін істеуді әлі де қоймай жүр екен. «Ел жүрегі – Астана» деген той концепциясы – «Оба кезіндегі мереке» деп айтсам да, өтірік емес шығар. Бұл тойды ойлап шығарғандар еліміздің түкпір-түкпіріндегі қара қазақтың қанын әбден сорып болмай тынышталмайды. Ал Астананың әлеуметтік жағдайы Қазақстанның басқа аймақтармен салыстыруға мүлде болмайды. Керісінше, Астананы – «Ел жүрегі» дейтін болса, онда сол «жүрек» сол елдегі түкпір-түкпірдің бәріне өзінің қанын айналдырып, жеткізіп, күш-қуатын бермеуші ме еді?

3. Мен үшін бұл сұрақтың жауабы судың бетінде жатқан сияқты. Қоғам мен экономика саласында осы уақытқа дейін шеше алмай жатқан проблемалар әлдеқайда толып жатыр емес пе? Денсаулықты сақтау жөнінде ғана айтатын болсак, ауыл мен шағын қалалардың ауруханалары мен емханалары заманауи техника, технология және толық меңгерілген мамаңдармен қамтамасыз етуді қажет ететінін ерекше айтып кету – міңдет. Ауылдағы мектептер туралы да айтылуы керек. Олардың ең басты мәселесі – сол мектептердің дені өзінің күрделі жөндеудің кезегіне қолын жеткізе алмай жүргені. Айтпай қоюға болмайтын тағы бір мәселе – мұғалім мен дәрігерлердің айлықтары. Бүгінгі таңда азық-түліктің бағалары мен коммуналдық тарифтерді бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлердің жалақысымен салыстырғанда, елді басқарып жүрген шенеуніктерден басқа таңқалмайтын адам жоқ. Бұның үстіне зейнеткерлер мен мүгедектердің өмір сүру деңгейі мен сапасын қосып қойыңыз. Біз толыққанды адал және әділ көрініске әлі де жеткен жоқпыз.

 

Жанболат МАМАЙ,

тәуелсіз журналист (Алматы):

1. Ешқандай қажеттілік жоқ. Астана күнін билік жылда мемлекеттің тәуелсіздік күнінен артық тойлайды. Бұл ақылға сыймайтын, миға қонбайтын әрекет. Алда Туелсіздік күні бар, Желтоқсан құрбандарын еске алатын күндер бар. Соны мемлекеттік деңгейде атап өтейік, арнайы іс-шаралар өткізейік деп неге құжат қабылдамасқа? Мысалы, биыл Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Соны мемлекеттік деңгейде атап өттік пе? Қазақтың ұлттық көшбасшысы болған Әлихан Бөкейханұлына Семейде ескерткіш ашылғанынан басқа көңілге қонымды іс-шараны көрмедім. Ал шын мәнінде Алаштың 100 жылдығын біз елдік, ұлттық деңгейде атап өтуіміз керек еді. Осы датаға орай Алматыдағы Фурманов көшесін Әлихан Бөкейханұлының атына ауыстырып, Алаш Орданың рөлін мемлекеттік деңгейде мойындауымыз қажет еді. Соның бірін жасады ма билік? Жоқ! Оның орнына Астананың 20 жылдығын тойлауға дайындалмақ. Сонда ұлттық намыс, ұлттық рух қайда?

Онымен қоса, қазір ел экономикалық дағдарыстың кезінде отыр. Жанармайдың бағасы күн санап өсіп келеді. Ұлттық валютамыз тағы да құнсыздана ма деген қауіп те бар. Мұнайдың бағасы өсетін түрі жоқ. Мұндай жағдайда қандай той туралы әңгіме қозғауға болады? Оған жұмсалатын миллиондаған долларды тағы да ел қазынасынан ысырап етпек пе? Онсыз да елге қажетсіз ЭКСПО жобасына билік 3-5 миллиард долларды жұмсады. Енді, міне, тағы бір тойға ақша шашпақ.

2. Соңғы жылдары көптеген депрессивті өңірлер пайда болды. Арқалық, Кентау, Теміртау сияқты қалалардың жағдайына қараңыз. Қирап, елсіз қалған қаншама қала бар! Бір қаланы салып, қаржыны тек Астанаға жұмсағанша, еліміздің барлық өңірлерін дамытуға билік неге күш салмады? Әрине, бұл бір адамның жобасы, арманы болғандықтан, биліктің бар назары тек Астанаға ауып, басқа қалалар мен аудандар ұмыт қалды. Осы уақытқа дейін Астананы салуға қанша қаржы аударылғаны құпия түрде қалып отыр. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, бұған ондаған миллиард ақша жұмсалған. Бұл ақшаны білім мен ғылымды, медицинаны, инфраструктуралық жобаларды, елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге неге жұмсамады? Халықтың әлеуметтік жағдайын көтерудің орнына бір қаланы салуға ақша шашу – елге жаны ашымастықтың белгісі.

3. Қаржыны, қосымша көмекті талап ететін сала аз емес. Мысалы, қала күнін тойлауға кететін қаржыны үйсіз-күйсіз жүргендерге баспана салып беруге неге жұмсамасқа? Болмаса аудан орталықтарында сапасы жоғары емханалар, мектептер салуға жұмсауға болады. Қалааралық жолдардың жағдайына назар аударсын. Қирап жатқан қанша жол бар! Міне, осындай пайдалы әрі қажетті жобаларға жұмсауға әбден болар еді. Оның орнына сол баяғы бекер мал шашпақ болмақ…

 

Ардақ ӘШІМ,

қоғам белсендісі, блогер

(Шымкент):

1. ЭКСПО-ның біткеніне бір ай толмай жатып, енді Астананың 20 жылдығын тойлаймыз дегендері – нағыз ұятсыздық. Керісінше, президент ЭКСПО біткеннен кейін Қазақстан халқына рахмет айтуы керек еді. Елдің экономикасының ауыр жағдайына қарамай, өте қымбат жоба ЭКСПО-ны өткізген батыр қазақ халқына қайта-қайта басын иіп, мың рет алғыс айтудың орнына: «Қорықпай коммуналдық тарифтерді көтере беріңдер» дегені халықпен санаспайтынын, оларды адам құрлы көрмейтінін паш етіп тұр. Ал енді оған қоса Астананың 20 жылдығын тойлауға кететін миллиондаған шығындарды президент өз қалтасынан төлемейді. Ол қаржы мына сіз бен менің мемлекетке төлеген салықтың есебінен жүзеге асады. Бұл жерде мемлекет қаржысы бекерге ысыраппен желге ұшады деген сөз. Қазіргі ауыр жағдайда осындай кез келген мақтангершілік үшін жасалатын тойларды өткізу халықты мазақ етіп, ашу-ызасына тию және қылмыс. Осы Астананың 20 жылдық тойы Қазақстан халқы үшін өмірлік кажеттілікке жатпайды. Тіпті қажет те емес.

2. «Ел жүрегі – Астана» деген той концепциясын халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен, әрине, салыстыруға болмайды. Керісінше, қарама-қайшылық, кері кету деп түсіну керек. Нанын әрең тауып жеп жүрген халық үшін осындай тойлардың тойлануы халықты мазақ ету. Мысалға, той дүркіреп өтіп жатады делік, бірақ сол болатын тойда халықтың аш қарны тоймағаннан кейін, оның не пайдасы бар. Тойды тойлайтын да билік және тізеге түскен қарнын тойдырып сипайтын да билік. «Ел жүрегі – Астана» емес, керісінше, ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ МЕШКЕЙ ҚАРНЫ – АСХАНА деп атаған дұрыс болады.

3. Осы 20 жылдықты тойлауға кететін қаржыны дәл қазір халықтың жағатын көмірі мен табиғи газ, су, жарық пен жанар-жағармайды арзандатуға және қымбатшылықты болдырмауға, тұрмысы нашар көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін жұмсау керек. Сондай-ақ кедейшілікпен күресу мен азық-түлікті арзандату үшін жұмсаса, өте тиімді болар еді.

 

Геройхан

ҚЫСТАУБАЕВ,

қоғам белсендісі

(Алматы):

1. Астананың 20 жылдығын тойлау – даңғазалық! Азық-түлік, коммуналдық төлемдер, жанар-жағармай, қоғамдық көлікте жүру бағасы, т.б. бәрі-бәрі күннен-күнге қымбаттап, жұрттың әл-ауқаты нашарлаған кезде ойдан шығарылған мұндай «қуаныштар» халық еңсесін көтермейді, керісінше, езеді. Той жасауға да, тойға баруға да адамда көңіл-күй, жағдай болуы керек.

Қазақстан мемлекетін үлкен тойхана дер едім. Апта сайын өтетін даңғаза той иесі – билік. Қонақтар – шетелдіктер. Күтушілер – осы тойды өткізуге жұмсалып жатқан қаржының иесі, қарапайым халықтың өзі. Келген қонақтар той иесінің астына көпшік қойып, өтірік мақтап, ішіп-жейді де кетеді. Ал шылым шегуге, үзіліске шыққанда, тойдан қайтып бара жатқанда, өз арасындағы айтатын сөздері: «Жылтырайды көтенің, той жасау сенің не теңің?» екені белгілі. Өйткені әлемдік дамыған 30 елдің ішіне енеміз деп жүргенде, жағдайы дұрыс деген 50 елдің тізімінен түсіп қалғанымызды халықаралық басылымдар жазды.

«Ел жүрегі – Астана» тойының шын мәні – бюджет ақшасын жемқорлардың қалтасына түсіру тәсілі! Басқа ештеңе емес. Халыққа қажеті жоқ, басы артық дүние. Бұл халықтың көңіл-күйінен, қал-жағдайынан, үміт-мақсатынан биліктің мүлдем бейхабар екендігінің дәлелі. Билік – аспанда, халық – жерде, арасында құс ұшып жете алмайтын алшақтықтың бар екенінің айғағы.

2. Астанаға байланысты кез келген той-думанды бір ғана адам үшін ұйымдастырылған шара деп білемін. Мұның қарапайым халықпен ешқандай байланысы жоқ. Мысалы, жыл сайын өтетін «Астана күні» – бір адам мен оның айналасындағылардың ғана мейрамы. Жемқор шенеуніктердің қалтасын толтыратын жыл сайынғы бір мүмкіндіктері. Шалғайдағы ауылдар түгілі, елдегі ірі қала тұрғындары да ол тойды тек теледидардан қызықтайды. Сонда осы жалпыұлттық мереке ме? Билік халықтың рухын, көңіл-күйін шын көтергісі келсе, онда Тәуелсіздік күнін жалпыхалықтық мереке дәрежесіне көтерсін. Тәуелсіздік күні ғана халыққа шынайы қуаныш сыйлай алатын әлеуетке, энергияға ие. «Астана күні» деген екінің бірінің ашуын туғызып, көңіл-күйін түсіреді. Әсіресе қазіргідей халықтың әлеуметтік жағдайының төмен кезінде.

3. Мемлекеттің басты көңіл бөлетін саласы – жұмыссыздықты жою! Бір тиын болса, осы салаға салғаны дұрыс. Мысалы, арзан қолжетімді тұрғын үй салу – елді, оның ішінде жастарды әрі жұмыспен, әрі тұрғын үймен қамтамасыз етудің тура жолы. Жастарымыз «екі қолына бір күрек» сұрап жүргенде, бастауыш сыныптағы бүлдіршіндеріміздің бір мезгіл ішіп-жейтін айраны мен тоқашын тартып алып отырғанда, қандай той, қандай жетістік? Билікте ұят жоқ. Бұл жемқор билік кетпей, халық жақсы өмірге жетпейді.

ЭКСПО халықты ойсыратып кетсе, мына «Ел жүрегі – Астана» тойы халықты қансыратып кететін шығар.

 

Мирамбек КАМАЛОВ,

ЖСДП белсендісі

(Ақтөбе):

1. Меніңше, ішерге асы болмай отырса да «шүкір» дейтін біздерге, әрбір артық шыққан сәбізді (saebiz) жаңғыру деп сенетіндер үшін, Астананың 20 жылдығы түгілі, тозығы шыққан ауылдың әр жасын жыл сайын тойласа да, бәрібір сияқты. Қысылтаяң кезде тойланбақ бұл атаулы дата қалың ел үшін аса маңызды болмағанымен, қазіргі автократия іспетті жүйеге халық арасында көтеріңкі көңіл қалыптастыру үшін өте маңызды. Халықтың көңілінің мәз еместігін сезінген жоба авторлары алдағы уақытта да осы іспетті шараларды жүзеге асыра береді деп ойлаймын. Халықаралық көрме «EXPO-2017»-ден кейін етек-жеңін жинай алмай жатып, тағы да қыруар қаржы шашуға бет алған биліктің бұл идеясының ішкі тұстарының нәтижелі болатынына күмәнім бар. Билік қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің орнына той өткізу арқылы мәселелердің салдарын жеңілдетуге бағытталған іс-шаралары уақытша ғана деп есептеймін. «Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса» деген нақыл сөздегі қазаншымыз – билік болса, сол қазан қайнаса таситыны анық. Билік халықтың басым бөлігінің жағдайының мәз еместігін терең түсінбей отыр, не түсінгенімен, тозығы шыққан саяси жүйе қауқарсыз болып отыр деген тұжырымға келуге болады. Халық жағдайының мәз еместігін ресми жоғары билік қабырғаларынан (парламент, үкімет) анық айтып, ат салысатын ешқандай саяси күш жоқтың қасы.

Сондықтан саяси жүйе өзінің сателлит партиялары арқылы өз дегендерін өткізе алатын болса да, сайлау кезіндегі «дауыс ұрлағанына» қарамастан, аз ғана «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП) өкілдерінің парламент қабырғасынан айтар «оғаш пікірін» тыңдауға да қауқарсыздығын көрсетіп отыр. «Нұр Отан» партиясы мен оның «құйыршықтары» биліктің жүргізіп отырған кейбір «антихалықтық» жобаларына өз қарсылықтарын білдіргенін көрмеппін. Жалпы билік ЖСДП өкілдерін Астанада парламент қабырғасынан көруге қауқарсыз болса, өзім тұратын Ақтөбедегі облыс басшылығы да ЖСДП өкілдерін бірде-бір облыстық деңгейдегі шешім қабылдау алаңдарына жолатар емес. Мінеки, «істеген ісіңе жауап бер» деп сұрайтын ресми тетігі бар саяси күш болмайынша, саяси жүйе өзгермейінше, біздің елде күнде той жасаса да, бәрібір секілді.

2. «Ел жүрегі – Астана» деген той концепциясын Қазақстан аймақтарының кенде қалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен салыстыруға мүлдем болмайды. Еліміздің кейбір аймақтарында бүгінгі өркениеттен өте кеш қалғанын жасырмаған жөн. Концепция негізі ысырап жасап тойлау емес, әрбір қазақстандыққа демеу болатындай, ел астанасының 20 жылдығы әрбіріміздің жүрегімізден жылы орын алатындай болуы тиіс.

3. Республика бюджетіне қосалқы салмақ салатын осы мерекелеуге кететін қаржы шығынын онсыз да тоқырап тұрған әлеуметтік экономикалық саланың қай саласына болмасын жұмсаса игі. Тек қана ол қаржы ешқандай талан-таражға түспей, халықтың нақты қажеттілігіне нәтижелі, мақсатты жұмсалса, ұтымды болады.

 

Еділ МӘКЕН,

«Алаш жолы» қозғалысының белсендісі

(Астана):

1. Астананың емес, Назарбаевтың туған күні тойланатыны бәріне мәлім деп ойлаймын. Сондықтан қазақстандықтардың қалтасынан төленетін бұндай жеке бастың «мейрамы», әрине, түкке қажет емес.

2. Елдің «жүрегі» сексенге келіп қалғанын ескерсек, басқа мүшелерінің қандай жағдайда екенін айтпаса да түсінікті шығар…

3. Бұл сұраққа тек қаржы маманы ғана тиімді жауап бере алатын шығар, дегенмен біздің елде дамыған бірде-бір сала жоғын ескерсек, қаржы қай салаға жұмсалса да, ұтылмас едік. Бірақ та «ер жақсысы түрмеде», ал «жезөкшесі» парламенттің төрінде отырған мемлекеттің дамуы мүмкін емес. «Кейде миллиондағандардың көздері ашылу үшін бір адамның көзінің жұмылғаны жеткілікті» депті Богуслав Войнар деген айтқыш. Өкінішке орай, біздің көздеріміздің ашылуы да осындай жағдайға тіреліп тұрған сияқты…

 

Шара ЕЛЕУСІЗ,

журналист

(Ақтөбе):

1. Мұның «пир во время чумы» екенін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біледі.Тек ауылды, елді еститін құлақ жоқ, бар болса, құлықсыз. Осы елдегі тірліктің қайнаған қақ ортасында жүрген адам ретінде айтар болсам, шалғайдағы халықтың 60-70 пайызы ілдәлдамен отырғаны жасырын емес. Мал бар – шөп жоқ. Мектеп бар – бала жоқ. Бала бар – оқу құралы мен киер киімі жоқ. Екі қазақтың бірінде баспана жоқ. Өздеріңіз көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, сән-салтанаты шалқыған, дүрілдетіп «Жерлестер форумын» өткізген Ақтөбенің шетінің бәріндегі саяжайда қазақтар тұрады. Тамызыққа картон қағаз, отынға бақшаның қураған ағашын пайдаланады. Орталық базардағы өзге ұлт өкілдері мен бай-манаптар мысығына алатын қайнатылған ішек-қарынды майға қаттырақ қуырып жіберіп, «біссімілләсін» айтып, тамақ жасайтын да осы қазақтар. Жұмыс… Табан ақы, маңдай тер дұрыс төленбейді, келісім-шартқа отыруға көптеген жұмыс берушілер құлықсыз, «ұнамаса – істеме». Келісім-шарт болмаған соң, еңбекақыны да даулап алу мүмкін емес. Жүргендері сосын күніне 1000 теңгеге жұмыс жасап… Елдің арасына етене кіріп, осындай масқара халді көздерімен көріп, билікке жеткізетін оппозиция да, депутат та жоқ. Ешқандай қажеттілікті көріп тұрғаным жоқ, ел қазағының менің пікірімді қолдайтынына толық сенімдімін.

2. Жүрегің дұрыс болса, барлық ағза сағаттай сартылдап жұмыс жасар еді ғой, сол жүрек – сырқат… «Ораза, намаз – тоқтықта» деп айтқан біз емес, елдегі ушығып тұрған әлеуметтік жағдайды, одан туындайтын саяси жағдайды жоғары түк сезбейді деп ойламаймын. Тек әлгі Ювенал көкемнің «наны мен әнінің» (хлеба и зрелищ) әнінің ғана қалғаны қызық. Наны жоқ. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бірінші жауапта айтып қойған сияқтымын…

3. Әлеуметтік-экономикалық саланың қай-қайсысының да қарқ болып жатқаны шамалы. Мұнай өңдеу зауыттары, қателеспесем, араға аз ғана жыл салып ашылады да жатады. Бірақ кешелі-бүгінді Ақтөбеде ызы-қиқы шу – бензин қымбаттап кетті. Кәсібіміз сол болған соң, себебін індетеміз. Зауыттар жөнделіп жатыр. Ашылмай жатып сынып қалатын тек біздің зауыттар.

Ал «ахаху-екекуге» жұмсалатын қаржы қазаққа баспана мен мал үшін ғана жұмсалуы керек. Амандықты да малдан бастайтын қазақ үшін мал мен баспана – қазіргі басты мәселе. «Мал басын көбейтуге несие беріліп жатыр» деген әңгіменің сопаң етіп шыға келетінін білем, сол «Құлан», «Сыбаға» деген несиелерді қарапайым қазақтың сыбаға бермей ала алмайтыны да рас. Ол бірақ басқа әңгіменің тақырыбы…

Сауалнамаларыңыз да, сауалдарыңыз да дұрыс екен, тек… біздің бір жеңгеміз «қай айтқаным боп жатыр, қайран құдай?» деуші еді ашынғанда…

 

Сауалнаманы ұйымдастырған –

Бақытгүл

МӘКІМБАЙ,

«D»

About Zika1961