Home » Дат|Каз » АРЫСТАННЫҢ ЕТТЕН АЙНУЫ (Адам айтқысыз аңыз)

АРЫСТАННЫҢ ЕТТЕН АЙНУЫ (Адам айтқысыз аңыз)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (408) от 30 ноября 2017 г.

 

Уақыт уыты

 


 

Жаман хабар жерде жатпайды. «Аң патшасы Арыстан ет жемейтін бопты!» – деген суық хабар орман ішін аралап, тау-тасты кезіп, суға сүңгіп, сазға батып, балшық кешіп, тентіреп кетті. О заманда бұ заман, азу тісті ағайынның өз еркімен еттен бас тартқаны хайуандыққа қасақана жасалған айуандық емес пе!

«Апырау, мұнысы алжығандық па?!» – деген ойды жан-жануар біткен ішінен ойласа да, сыртқа шығаруға дәті бармай, күпті болып қалды. Жөн білетін Жолбарысты, қол бастаған Қасқырды, тамыр ұстай білетін Түлкіні жұрт, жұрты несі, құдай-ау, барша хайуандар Арыстанның халін біліп, көңілін сұрауға жіберді.

Үшеуі патша сарайына үнсіз келеді. «Патшаның бұл қай сасқаны? Онсыз да жыл сайын бір жарлық шығарып, өйтуге болмайды, бүйтуге болмайдының астына алып жатқаны аздай, мынауысы несі? Ата-бабасы қойдың етін жеп келген Қасқырды алты ай бойы Алтайдың ар жағына оқуға жіберіп, білімін жетілдіртіп алды. Қасқырдың сондағы бар үйренгені – бақа-шаян жеу. Енді «Қасқырға қойдың еті зиян екен!» – деп, заң шығартып, күллі қасқырды қой етінен ажыратты. «Қырандар көктен құйғытып келіп, аң аулауы өздерінің қан қысымына зиян» деген желеумен жарлық шығарып, қыран біткен жер бауырлап, құрт-құмырсқа теріп кетті. Сары даланың аң біткені өмірі естімеген қолтырауынның тілін үйренсін деген жарлығы – анау. Енді мынауысын неге жорысақ екен? Ақыры не болады? Даланың аңын Тайганың аюы мен Сібірдің сілеусініне тегін тасығанымыз аздай, енді езуімізден етті жырып береміз бе?» – деген күдікті ой үшеуін де мазалап келеді. Бір-біріне ашып айтуға қорқады. Себебі жыртқыштың – жыртқышқа сенімі азайған: бірі болмаса бірі Арыстанға жеткізуі мүмкін…

Арекең тақта отыр екен. Алдында жаюлы дастархан. Шынымен де, бір тістем ет жоқ, кілең шөп-шалаң. Жолбарыс аз мәзіріне жиіркене көз тастады. Қасқыр қақалып қалды. Түлкі тыржиғанын сездіргісі келмей, бетін бүркемелеп отыр.

– Арсеке, еттен неге жерідіңіз?! – деп, Жолбарыс ептеп сөз бастады. – Әлде денсаулығыңыз сыр берді ме? Олай болса – айтыңыз, Үндістанның тәуіп Үкісін алдырайық. Болмаса, жапонның бақсы Жапалағын жеткізейік…

– Сіз дегенде аянарымыз жоқ, Арсеке, қолдан келген көмегімізді… – деп, Қасқыр күңк етті.

Арыстан аузын жапырақпен сүртіп, үшеуіне бастан-аяқ қарап шықты.

– Ормандастарым менің! – деді сосын. – Бұл денсаулық деген шіркінге шөптен келер пайда ұшан-теңіз екен! Білмей жүріппіз ғой. Қаншама битәмін, пайдалы, дәрілік қасиеті бар, қорек десең – қорек, қуат десең – қуат. Бір киікті қуып жүріп, ентігіп, шаршап-шалдығып ұстайсың, оның етінен келер не пайда? Қан мен шикі еті. Сол бір киіктің етінің орнына үш арба шөп жеген әлдеқайда пайдалы екен! Біріншіден, шапқылап жан қинамайсың, жатып ал да шайнай бер… Екіншіден, сынған сүйекке қақалмайсың. Міне, мынау импортный, Нарынқолдан келген кәртүшке, дәмін татып көріңдер! – деп, алдындағы астауды келгендерге қарай ысырды.

Патшаның қолын қағатын жан екеу емес, үшеуі сап-сары боп, сазырайып жатқан кәртүшкеден бір-бір тістеп көрді. Жолбарыс лоқсып жіберді. Қалған екеуі қып-қызыл болып, демін ішіне тартып, тұншығып отыр.

– «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» – деген сүйекке түскен таңбамыз бар, ата-салттан аттағанымыз қалай болар екен?! – деп, қанын ішіне тарта сыздықтата сұрақ қойды бір кезде Қасқыр.

– Заман талабы солай боп тұр ғой… – деді Арыстан сәл күрсініп. – «Заманың түлкі болса…» қалай еді, Түке?

– Есімде жоқ сол құрығыр… – деп, тыжырынған Түлкі өзіне ұнамайтын мақалды айтқысы келмеді.

– Өздеріңдей орманның Аюы алпамсадай денесімен ет сұрамай, бал жалап, өлмей жүр ғой. Басқа түссе, баспақшыл деген осы. Оның үстіне қояндар қолдарына «Аңдардың құқығы қашан қорғалады? Жыртқыш болмасақ та – аңбыз. Барлық аңның құқығы тең болсын! Жазықсыз жапа шеккіміз келмейді!» – деген ұран жазып, көшеге, ой, тойыс, көгалға шығыпты. Бүйте берсе, ертең бүкіл халық, тойыс, хайуан көтеріледі! Алды-артына қарамай, атойлап тұра шабатын Тайбурыл қай үйірден болса да табылмас деймісің?! Менің ойлағаным ха… хайуанның қамы, жануардың жан тыныштығы, тағының таңы, жабайының ертеңі! – деп, Арыстан кекіріп қалды. Ол «ы-ы-һ» дегенде, көмейінен өтпей тұрған Құланның тобығы топ етіп, дастарханға түсті.

– Апырмай, мынау не?! – деді Түлкі тобықты алыстан танып, көзі күлімдеп, – Тобық қой! Құланның тобығы! Семіз екен өзі…

Қасқыр дереу столдың астына үңіліп еді, жас бұқаның балғын еті былқып тұр екен.

– Ойпырмай, мынау кеше ғана маған ұстатпай кеткен қасқа бұқа болмасын?! – деп, бір жұтынып қалды.

Жолбарыс Арыстанға сығырая қарап, не дер екен дегендей, жауап күтті.

Патша сыр бермеді. Дастарханда жатқан бананды бір жалап қойды да:

– Енді, айтып отырмын ғой, шөп жегеннің пайдасы мол деп… Шөп құрғырың қалың болады… Ішінде кімнің жүргенін тіпті көрмей, білмей қаласың. Тіліңмен шөпті орай тартып жүргеніңде, арасында жүрген бірлі-жарым аң байқамай азуыңа ілініп кетеді. Көрмей қаласың тіпті… – деген Арсекеңнің күлімсіреген күнәсіз көзі үшеуін жылдам сүзіп өтті.

Жыртқыштарға керегі де осы сөз еді. Бір-бірін ыммен ұға қоятын дарын ата-бабаларынан қандарында бар: жан-жағына шөпті үйе сала, бұқаның былқыған етін бас салды.

Сорпа ішіп, тіс шұқып отырған кезінде Арсекең:

– Хай… Ы-һ… Хайуандарға жарлықты жақсылап жеткізіңдер! Шөптің пайдасын дәріптеңдер, жаңғыртып-жаңғыртып жазыңдар! Айтпақшы, енді жазуды Қырғауылдың қанатымен емес, Түйеқұстың құйрығымен жазыңдар! Олар жаңа қаламға үйренгенше, сендер шөп аралай беріңдер! Ы-һ… – деп, тапсырмасын нығыздап айтты.

Жыртқыштар бір-біріне жымия қарап, жаңа жарлықты жамағатқа, тойыс, жануарларға жеткізуге, әсірелеп, әспеттеп дәріптеуге жүріп кетті. Езулеріне бір-бір сабақ шөп қыстыра кетті…

Асқар НАЙМАНТАЕВ

About Zika1961