Home » Дат|Каз » ҚАРТ КӘСІПКЕРНЕГЕ СОТТАЛДЫ?

ҚАРТ КӘСІПКЕРНЕГЕ СОТТАЛДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №25 (389) от 29 июня 2017 г.

 

Жазылған жайдың жалғасы

 


 

«Баянауыл басынан бұлт кетпес, қиядағы түлкіге қолым жетпес» деп басталатын қазақтың халық әнін көбі біледі. Осындағы басынан бұлт кетпейтін Баянауыл – Ақтөбедегі «Нұрдәулет» сауда кешені болса, «қол жетпейтін қиядағы түлкі» – ол әділдік, соттың әділ шешімі болып отыр.

 

Мәселені тарқатайық. «Нұрдәулет» кешенінің айналасында болып жатқан, сағызша созылған әңгімелер көзі қарақты оқырманға таныс. Таныс болатын себебі – «Нұрдәулеттің» басына бұлт үйірілгені бүгін ғана емес. Ақтөбе қаласының сәулетінде өзіндік қолтаңбасы бар, бес жүзге тарта адамды жұмыспен қамтып, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға белсене атсалысып, облыстағы қайырымдылық шараларының бел ортасында жүретін Байжарқыновтар әулеті – қара халықтың панасы, арқа сүйер қамқоршысы, елдің сыйлы азаматтары болса да, облыс билігіне бір жақпай-ақ қойды.

Кешен құрамындағы «Нұрдәулет» мешітінің ашылу салтанатына елбасы Н.Назарбаев өзі келіп ақ батасын берсе де, осыдан бірнеше жыл бұрын осы бір келеңсіздікті Сара Алпысқызы Назарбаева өзі араша болып тоқтатса да, Ақтөбе басшылығы араға уақыт салып, «Нұрдәулет» кешеніне қысым көрсетуді өзінің тұрақты дағдысына айналдырып алды.

Алдымен психологиялық ойын басталды: елдің құлағы үйреніп, қалыптасып қалған «Нұрдәулет» аялдамасының атауы бір түнде өзгеріп шыға келді. «Бұларың не, халық үйренген, он жылдан бері тұрған, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрдәулет есімі кімге не жазды?» деген бір басшы болмады. Қарапайым халық у-шу болып, қомпылдап-қомпылдап қойды, халықтың сөзі түгіл өзін елеп-ескеретін кім бар? Хош делік.

«Нұрдәулет» кешенінің алдында шағын балалар аттракциондары орналасқан еді. Енді басшылық сол балалар әткеншектеріне жауықты. «Жерді мақсатсыз пайдаланып отыр» деген желеумен әлгі аттракциондарды алдырып тастады. Байжарқыновтар тағы қарсы шықпады, аттракциондарды алып тастап, орнына фонтан, отыратын орындықтары бар шағын аллея жасамақшы болып жатыр, жобасын жасап та қойды.

Енді басты мәселемізге көшейік. Өткен жылдың желтоқсан айында әлгі «Нұрдәулет» кешенінің айналасындағы жер атына жазылған Мәнзапа Әмірқызы Байжарқынованы қалалық әкімшілік, қалалық жер бөлімі, қалалық сәулет және архитектура бөлімдері сотқа берді. Алты айға жақын уақыт аралығында 76 жастағы зейнеткер-кәсіпкер сот жағалауға мәжбүр болды. Арыз берушінің айтатыны баяғы ән: аттракциондар заңсыз салынған, аң-құс ұстайтын темір қоршаулар заңсыз салынған.

Тап осы жерде Ақтөбе облыстық мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №349 шешімі неге есепке алынбаған? Онда тайға таңба басқандай көрсетілген ғой: темір қоршаулар мен аттракциондар уақытша құрылғылар болып есептеледі де, шағын сәулет нышандарына жатады, ғимарат айналасын абаттандыру мақсатында салуға болады.

Екіншіден, кәсіпкер М. Байжарқынованың «өз иелігіндегі жерді пайдалану мақсатына аздап өзгеріс енгізу» туралы өтінішін қала әкімдігі еш түсіндірусіз (әлде әдейі?!) қанағаттандырмай отырған жоқ па?

Соттың – сотқа ғана тән қитұрқы тілін, ұзын-шұбар баптар мен тармақтарын келтіруге газет беті көтермейді, жеті беттен тұратын қалалық соттың мәтіні тап сондай: тек салмақ үшін екі бет қосылған, тоғыз беттен тұратын облыстық соттың шешімінен ұққанымыз – «Нұрдәулеттің» алдындағы аттракциондар заңсыз салынған, қаланың сәнін кетіріп тұр, бес метрлік сәулет монументі (сот шешімінде солай жазылған) де бір күні құлап кетуі мүмкін. Өрт қауіпсіздігіне, басқа да адам өміріне қауіп төндіретін шарттарға сай келмейді.

 

Заң баптарын қырық құбылтып жазғаннан басқа ештеңе түсінбесек те, Ақтөбе қаласы билігінің де, солардың пайдасына көпе-көрнеу әділетсіз шешім шығарып отырған Ақтөбе соттарының да, жұмсартып айтсақ, сауаттарының аса мәз емес екендіктерін анық түсіндік.

Дәлелдейік. Біріншіден, «Нұрдәулет» кешенінің үстінен «өрт қауіпсіздігін сақтамады», не болмаса «адам өміріне қауіп төндірді» деген тексеру қортындысы, болмаса әлдеқандай шағым болды ма? Болған жағдайда он жылдан бері қала билігі қайда қараған? Сол өрт, бақытсыз жағдай осы уақытқа дейін бола берсін болған да, ақтөбеліктер қауіпсіздігі тек қазір керек болып қалды ма? Әлде Нұрдәулет Байжарқынов есімін аялдамадан алып тастағанда, ардагер атына нұқсан келтіру мақсаттары ма?

Екіншіден, 5 метрлік сәулет монументі емес, ол Қазақстан Тәуелсіздігінің символы Алматыдағы сондай алып монументтің шағын үлгісі (суретте). Сол монумент орнатылғанда, кәсіпкер Ербол Байжарқыновтың аяғын жерге тигізбей мақтап, басқа кәсіпкерлерге қырғидай тиіп, «Ақтөбеге Байжарқынов құсап бесплатный сыйлық жасаңдар» деп даурыққан Ақтөбе билігі емес, Африка ма еді? Әлде бұл кісілер Қазақстанның, қазақтың Тәуелсіздігіне қарсы ма?

Әйтпесе кеше ата-бабамызды қырып салған, Ақтөбенің қақ төріндегі Левон Мирзоянның ескерткішін алып тастауға шамалары жоқ, ал тәуелсіздікке тиісуге кім құқық берді Ақтөбе билігіне? Өйтуге жүректері жетпес деп ойлаймыз, биліктің қолдан келетіні – кәсіпкер тәуелсіздігін тұсаулау, оған тәуелсіздік бермеу ғой.

Үшінші және көзге ұрып тұрған басты сауатсыздық – Қазақстанның Жер кодексінің бірнеше баптары бойынша (1-13, 12-4, 14-1, 145-1, 147-2) Қазақстанда жерді пайдалану мен оны мақсатты пайдалануға бақылауды тіпті басқа мекеме – «Ақтөбе облыстық жерді қорғау мен пайдалануға бақылау жасау басқармасы жүргізеді. Ендеше сот қалалық әкім мен оның қол астындағы «арыз айтқыштарға», «заң бұзуға болмайды, сіздердің құзырыңызға кірмейді» деп арызын қабылдамай тастауы керек емес пе еді? Сонда соттарымыз Жер кодексін білмей ме, әлде «закон, что дышло, куда повернул, туда и вышло» ма екен? «Что мне законы, были бы судьи знакомы» деген де нұсқасы бар, айтпақшы…

Қазір 76 жастағы Мәнзапа Әмірқызы Жоғарғы сотқа шағымданды, кеше ғана Today.kz сайты істің қаралуы мүмкін деген болжам жасады. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы іске тікелей араласып, өз көмектерін барынша көрсетіп жатыр. Байжарқыновтар істің әділ шешілетінінен үмітті. Ал біз өз тарапымыздан мәселенің барысы туралы хабардар етіп отыратын боламыз.

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Ақтөбе облысы

About Zika1961