Home » Дат|Каз » «Алтынбектің соқпағымен» ІЗБАСАРЛАР ЖҮРІП ӨТТІ

«Алтынбектің соқпағымен» ІЗБАСАРЛАР ЖҮРІП ӨТТІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №34 (398) от 21 сентября 2017 г.

 

Тағзым

 


Қыркүйектің 12-сі – мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні… Тірі болса, 55 жасқа толар еді…

 

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша, 17 қыркүйек күні Алтекеңнің апта сайын жүріп өтетін тау жолына түсіп, «Құмбел» асуы арқылы Көкжайлауды кесіп өтiп, Алма-Арасан шатқалының дәл төбесiнен түстік. Білетіндердің айтуына қарағанда, соқпақтың ұзындығы 15-16 шақырымға жуық. «ДАТ» жобасының журналистері он жылдан берi «Алтынбек асуымен» асатын әдетінен тайған емес, биыл да елден қалмай, тауға бет алды.

Осы шараға қатысқан бес жасар сәбиден бастап, мектеп оқушылары, студенттер, жасы 70–80-нен асқан қарияларды арда азаматтың рухына деген құрмет сезімі жетелегені анық. Күнде тауға шығып әдеттенбеген адам үшін жоғары қарай өрмелеу оңай емес. Аз-кем тыныстап алып, алға қарай жылжисың.

Кезiнде Алтынбек Сәрсенбайұлы осы асуды апта сайын асып, серуендеп, тау басында елінің қамы үшін атқарылатын қызметті ой-елегіне өткізіп қайтатынын әріптестерінің еске алған әңгімесінен қанық едік. Биыл тауға серуендеп шыққандардың қатары қалың болды. Алтыкендей азаматтардың ізбасарлары өсіп келе жатқанын көрдік, студент жастардың жол бойы арда азамат туралы көбірек білгісі келген сұрақтары көңілімізді көншітті. Демек, бұл дәстүр жыл сайын жалғаса беретіні, Алтынбек Сәрсенбайұлының ісін жалғастыратын жастар өсіп келе жатқанын байқадық.

Тауға шыққан жұртты күтіп алушылар етекте дастархан жайып, ыстық палауы мен бауырсағын ұсынды. «Алтынбек соқпағымен» жүріп өткендерге Алтыкеннің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы алғыс айтып: «Тау адамды шыңдайды. Күш-қуат береді. Қиындықта жеңуге үйретеді. Бір жағынан алғанда, Алтекеңнің өмірі осындай бұралаң, өрлі-еңісті, құз-қиялы, жартасты, шыңды болды. Қысқа ғана өмір сүрсе де, соның бәрін көрді. Соның бәрінен өтті. Тау ешқашан аласармайды. Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Алтекең де сондай, елі үшін ол үлкен тау. Сіздер үшін де солай. Алтынбектің ойы аласармайды, сөзі мен мақсаты, құрған жоспары аласармайды. Соның бәрі іске асуы керек. Оны іске асыратын сіздер мен біздерміз. Алтекең біз үшін өмір сүрді. Алтыкеннің ісін енді жастар жалғастырады. Мағжан ақын айтқандай, «Мен де осы жастарға сенемін». Алтыкен бекер өмір сүрген жоқ, өмірі бекер өткен жоқ. Ол жалғасын табады», – деді.

Алтынбек рухына тағзым еткен көпшілік таза ауамен тыныстап, ерекше әсермен қалаға қайтты.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

About Zika1961

Добавить комментарий