Home » Гвоздь номера » Алаяққа алданған ауылдың САРЫ СҮРГІН ТІРЛІГІ

Алаяққа алданған ауылдың САРЫ СҮРГІН ТІРЛІГІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.

 

Жерсіз халық – жетім

 


 

Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Березовка ауылының жерсіз қалған тұрғындары басқа амалдары қалмай, Астана қаласындағы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бөлімшесіне хат жазыпты. Хаттың мазмұны – алаяқтардың арбауына түсіп, жерлерінен айырылып қалған ауыл тұрғындарының мұң-зары.

Сол хаттың жай-жапсарын анықтау үшін, партия бөлімшесінің «Жер тағдыры» қоғамдық ұжымының төрағасы, заңгер Талғат Омаров, оның орынбасары Қайырлы Омар, Ақмола қаласында тұратын Березовка ауылының тумасы Рашид Көпжасаров және мен жолға шықтық. Көкшетаудан жүз шақырым шыға бере, быт-шыты шыққан ойқы-шойқы жолмен түс ауа жетсек, Қостанай қаласына жақын орналасқан Березовка ауылының тұрғындары орта мектептің алдына жиналып, бізді тосып тұр екен. Алданған ауыл тұрғындарымен әңгіме сол арада басталып кетті. Алаяқтық істің мән-жайынан хабардар Талғат Омаров сөз бастады:

 

«Сіздерді осындай бейшаралық күйге түсірген өздеріңнен басқа ешкім емес! Жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Богвидың» басшысы Богданец Виктордың алдауына түсіп, оған жерлеріңіздің 95 пайыз пайын беріп қойғандарыңыз. Бұл сіздердің сауатсыздықтарыңыз! Жерлеріңізді бергенде, келісім-шартта пайыздың екі басын теңестіріп, неге елу де елу пайыз болсын деп талап етпедіңіздер? Енді, міне, ол алаяқ сіздерді қарызға батырғаны аздай, жерсіз қалдырып отыр. Жерлеріңіз мемлекеттің меншігіне көшкенмен, бәрібір сіздерге түк те тимейді, аукцион арқылы сатылып кетпекші. Олай болмас үшін, бас біріктіріп, сот арқылы өз жерлеріңізді өздеріңізге қайтарып алу керек. Біз сол үшін сіздерге қолдан келгенше көмек көрсетуге келдік».

Ашынған халық ұлардай шулады: «Бізге кінә тағу оңай, – деді біреуі. – Бірақ біздің қалайша осындай сұмдық жағдайға ұшырағанымызды білгілеріңіз келмейді! Мынау жетесіз билік совхоздарды құртып жібергеннен кейін, біздердің шама-шарқымыз ештеңеге келмей қалды. «Мемлекетке қарыздарыңның қайтарымы» деп, ауылдағы техника біткенді бір сыпырып алса, егін егуге, оны жинауға жанармай, жағармай болмай, жанымыз шығып, екі қысылдық. Ақыры амалымыз құрып, «бартер» деген бәлесіне қоғамдық малды пышаққа іліктіріп, малсыз қалдық».

 

Халық әбден ашынғаны сондай, бірін-бірі киіп кетіп, мұң-зарларын айтып қалуға асықты. «Мен айтайын, мен айтайыншы!» деп қол көтергендері қаншама!

«Не егін еге алмай, еккен күнде, оны жинап алуға техника табылмай жатқан қиын-қыстау кезеңде көктен түскендей «Богви» шаруашылығының қожайыны Виктор Богданец деген пайда болды, – дейді ауылдың тағы бір тұрғыны. – «Жарылқаймын!» деген соң, соған сеніп, 5 пайыз пайға амалсыз көніп, жарғы бойынша 95 пайызымызды ЖШС «Богвиге» беріп, 2005 жылы келісім-шартқа отырдық. Жеріміздің жалпы аумағы 11 369 гектар, оның 8 328 гектары егістік те, қалғаны мал жайылымы еді. Богданец дегеніміз адал адам емес, нағыз алаяқтың өзі екен: жерлерімізді біздің келісімізсіз кепілдікке қойып, соның арқасында екінші деңгейдегі банктерден қарызға миллиардтаған ақша алды. Міне, соның салдарынан банкротқа ұшырап, жеріміз соттың шешімімен мемлекеттің меншігіне өтіп кетті. Ал жерсіз қалған біз қайда барып, қалай күн көреміз?».

«Ауылда бар қалғаны 50 шақты үй, – дейді үшінші тұрғын. – Мұндағы іске жарайды деген тұрғындардың көбі Ресейге, Қазақстанның басқа қалаларына көшіп, үйлерінің қабырғалары қалқиып, қирандылары ғана қалды. Мектебіміз 11 сыныптық еді, халық тоз-тозы шығып, біразы көшіп кеткен соң, оқушылардың саны азайып, мектебімізді 9 сыныптық етейін деп жатыр. Мектептің сиқын көріп отырсыздар, екі жыл болды, дұрыс жөнделген жоқ, сыртқы көрінісінен адам шошиды. Ал енді мектебіміз 9 сыныптық болатын болса, мұғалімдері де жұмыссыз қалайын деп отыр. Олар қайда барып, қалай күн көреді? Ауылда басқа жұмыс жоқ. Мәдениет үйін көрген шығарсыздар, шатыры жоқ, қаңқиған қабырғалары ғана қалды. 2005 жылдан бастап уәде берген Богданецтің «жарылқағаны» сол – қайыршыға садақа бергендей етіп, 5 пайыз пайымызға беретіні мардымсыз жалақы мен әбден қызып, көгере бастаған малдың жемі еді. Шөпті сатып аламыз. Көмірдің 1 тоннасы 10 мың теңге. Бес тонна көмірге 50 мың теңге, әкелген көлікке 10 мың төлейміз. Ауылдағылардың көбісі «минималкадағы» қалтырап, қол-аяғы дірілдеген зейнеткерлер қыстың қақаған аяздарында суықтан қатып өліп қала жаздайды. Боранды күндері жағармайға, тракторшыға ақша жинап, ауданға баратын жолымызды тазартқызамыз. Бар үмітіміз жер еді, оның өзін тартып алды, ал енді қайда барып жан сақтаймыз, соны кім айтады?!».

«12 миллион теңге қарызсыңдар» деп, ауданның жер қатынасы бөлімі сот арқылы ЖШС «Березканың» жалға алып, пайдаланып отырған жерінің шартын бұзып, мемлекетке қайтарса да, «Богви» шаруашылық қожалығы егістік жеріміздің жартысына егін егіп қойды. Оның алдында 9 наурыз күні Астанадан ЖШС «Богвидың» экономикалық бөлімінің Айгүл Амировна деген маманы: «Бізге егін егуге жер берсеңдер, мен Богданецке техника алу үшін 2,5 миллион доллар инвестиция тауып беремін. Бұл жайында облыс әкімімен сөз болған…» – деген еді. Содан бері шашы сарыға боялған ханымның өзін де, техникасын да көрсек, көзіміз шықсын», – дейді березовкалық тағы бір тұрғын.

 

Ауылдың тұрғындары сөйлеп, шерлерін ақтарып болды-ау деген кезде Қайырлы Омар сөз кезегін алды: «Жердің бәрін қалталы латифундистер тартып алған. Ал біздің буын, яғни қарттар, Атамекен – туған жерімізді жастарға тапсырып кетуіміз керек еді. Кезінде біз жеріміздің кепілдікке салынып, сол үшін Богданец сияқты алаяқтардың банктерден қарызға миллиардтап ақша алып жатқанын білмей қалдық. Жерсіз халық – елсіз халық. Былайша айтқанда, туы да жоқ, Отаны да жоқ халық болып кетейік деп тұрмыз. Біздер біріксек қана әділдікке қолымыз жетеді. Егер бірікпейді екенбіз, курдтар мен ұйғырлар, сығандар сияқты жерімізден айырылып, елдігімізді, мемлекеттігімізді жоғалтып алайық деп тұрмыз. Ұзын сөздің тобықтай түйіні – жерлерді ауылдарымен қоса тұрғындарынан босату саясаты белең алып бара жатыр! Жер сонымен жақын арада бос қалайын деп тұр. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: босаған жерлерімізге кім ие болып қалмақшы?.. Міне, осыдан туындайтын ой – туған жерімізді бас біріктіріп қана сақтап қала аламыз».

Осы жерде маған оңашада күйзеле әңгіме айтқан зейнеткер Құлтаев Байғали ақсақалдың айтқаны есіме оралды. Бұрын 24 гектар жері болған Байғали зейнеткерлікке шықса да, әлі тың, ауылдың ұстасы болып істейді екен. Сол ұсталығына алатын жылдық жалақысы 30–40 мыңнан аспайды. Осы қаражатты 12 айға бөлсе, айына қолына алатыны небәрі құйтақандай 3300 теңге ғана. «Былтыр күзде не жалақымызды ала алмай, не жем-шөп бермеген соң, ауылдың отыз шақты азаматы болып, қырманды басып алдық. Богданецтің қырмандағы қызыл бидайды артып әкетуге келген «Камаздарын» жолатпай, жолдың бәрін тракторларды қойып, жауып тастадық. «Богви» шаруашылығының жандайшаптары – Тасмағамбетов Бауыржан дегені 5-6 спортсмен жігіттерімен келіп, қоқан-лоқы көрсетіп еді, айыр-күрекпен ұрып, қырманнан тырқыратып қуып шықтық. Содан Богданец өзі келіп, жұртқа мардымсыз жалақы, малға деп азын-аулақ жем бергізді. Байқап тұрған шығарсыз, бұл ауылда шылғи орыстар тұрады. Біз, қазақтар, азбыз, көп болса 5–6 ғана үйміз. Ал бірақ, обалы не керек, олармен тату-тәтті тұрамыз, әй-шәй дескен жеріміз жоқ, бөлінбейміз. Ауылда дәрігер деген жоқ, ауырып-сырқап қалсақ, жаяулап-жалпылап аудандағы ауруханаға барамыз. Дәрі-дәрмек ала қояйын десең, дәріхана да жоқ. Ірі қалаларға кетіп, қазақтың маңдайына жазып қойған қазіргі заманауи мамандығы күзетшілікке жұмысқа тұрар едім, жасым келіп қалған мені кім алады? Ал бірақ сол күзетшілердің айына алатын жалақысы 30 мың теңгеден аспайды екен! Өздері пәтер жалдап тұрса, бала-шағаларын қалай асырап жүргендеріне таң қаламын. Қазақ ауылда тұра берер еді-ау, егер екі қолға бір күрек табылып, жұмыс болып жатса. Енді, әне, бір үзім қара нан мен қара суға бола туған ауылын тастап, кім-көрінгеннің босағасынан сығалап, біреуге жалшы, құл болып, көздерінің соралары ағып жүргені… Қалаға барғанда, «бауырымдап» бас салады. Сағынады ғой ауылды. Мынау көрші ауыл Шұңқыркөлде 200 үй қазақ бар. Ауылда қазақ мектебі болған соң, сол жердің оқушы балалары сабақты қазақ тілінде оқиды. Бастықтары сол жердің тумалары, Алматыда көп жыл тұрып, көшіп келген. Сол азаматтар қалталы екен, қирап жатқан ауылды екі-үш жылдың айналасында жайнатып жіберді, Құдай жарылқағырлар! Ал енді менің осы айтқанымды газетке шығарып беріңдерші», – деп, ақсақал сөзін аяқтады.

 

Аттарын атағысы келмеген екі-үш орыс азаматы келіп: «Осы көктемде ауданымыздың әкімі Дулов Владимир көрші ауылда ЖШС «Возвышенка» деген шаруа қожалығының директоры Нукаев Абдрахман деген шешенді алып келіп, «Инвестор Нукаевтың қарамағындағы шаруашылыққа кірсеңдер, жерлеріңді сақтап қала аласыңдар», – деді. Осы Березовкада тұратын бірнеше кісі сол Нукаевтың шаруашылығында жұмыс істеп, түк жалақы ала алмай, аштан қата жаздаған еді. Сондықтан келісімімізді бермедік. Енді, міне, жерсіз қалдық», – деп, тағы бір мәселенің шетін көтерді.

Жиналыста тағы да бір ушыққан мәселе сөз болды. Әкімшіліктің атынан келген біреулер жерін қайтарып алмақшы болып жүрген Березовка ауылының белсенділерін қорқытып-үркітіп жүр екен. Талғат Омаров: «Сол содырлардың атын атап, түстерін түстеп беріңіздерші», – деп еді: «Олардың түстерін түстейтін ештеңе жоқ, осы біздің ауданның атқамінерлері», – деп жауап берді жиналысқа қатысып отырғандар.

Березовка ауылының тұрғындары бір ауыздан Талғат Омаровты өздерінің жер туралы мүдделерін қорғайтын уәкілі етіп алуға келісімдерін берді. Сонымен ауыл тұрғындарының өздеріне тиесілі жерлерін қайтарып алу жолындағы сары сүргін айқасы жалғаса беретін болды.

Қуаныш МҰҚТАЙ,

«ДАТ»-тың қоғамдық тілшісі

About Zika1961