Home » ОЙДАН-ҚЫРДАН » АҚЫН ҮНІ – ХАЛЫҚ ҮНІ

АҚЫН ҮНІ – ХАЛЫҚ ҮНІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (408) от 30 ноября 2017 г.

 

Ойдан-қырдан

 


 

Санасы уланбаған, әлеуметтік желіні жиі пайдаланатын қайбір қазақтан «Қуаныш Мұқтай деген кім?» деп сұрасаңыз, еш ойланбастан: «Қайсар азамат, оппозиционер, қоғам қайраткері, халық ақыны», – дейді. Расында да, әлеуметтік желілерде Қуаныш Мұқтайдың аты кеңінен танымал. Оның өлеңдері жиі жарияланып тұрады. Оған пікір білдірмесе де, «лайк» басатындар өте көп. Пікір білдірмеуінің өзін екі түрлі түсінуге болады. Не «пікір білдіретіндей әдебиетші емеспіз ғой» деп ойлауы мүмкін, не қауіпсіздік орындары тағайындап қойған «трольдардың» назарына ілігуден қорқақтайды.

Ал бүгінгі таңда «Хан емессің, қасқырсың!» деп Махамбетше тайсалмай жырлайтын ақының табыла ма? Табылса, Қуаныш Мұқтай сынды жүрек жұтқан батыл, батыр екен.

Әр заман, әр кезең өз қаһарманын дүниеге келтіреді.

2003 жылдың 1 мамыры күні Алматыда оппозицияның жиналатын орны боп есептелетін «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда өткен митингіде мінберге көтерілген түрі де, үні де келісті бір азамат «Автоқаламдар жаза-жаза шаршады, ендігі сөзді автоматтарға беру керек!» деген сөзді айтып, сұңқардай саңқ етті. Жұрт аңтарыла қарап: «Ұранға бергісіз мына сөздің иесі кім? Неткен қайсар жан!» – деп, таң-тамаша қалды. Осы сәтте «Қарулы көтеріліске шақырған кім?!» деп, көлеңкесінен қорыққан құқық қорғау органдары әлгі адамды дереу ұстайды. Бірден тергеуге алады. «Кімсің?» – «Ақынмын! Қуаныш Мұқтаймын! Неге ұстайсың, ұқпаймын?». Қолында автоматы жоқ, тек тілші куәлігі ғана болғасын, амалсыздан босатып жібереді. Міне, сол тұстан бастап Қуаныш Мұқтай демократияшыл қауым мен қауіпсіздік орындарының назарында. Бірі оны «дауылпаз ақын» деп тамсанып, белсенді қоғам қайраткері ретінде таныса, бірі «билікке қауіпті адам» деп қатер қылады.

Ақын Қуаныш Мұқтай өзінің халық қолдауына ие екенін біледі. Оны алғаш 2008 жылы «Дат, тақсыр!» атты тұңғыш жинағын ақынның жанашырлары өз қаражатына шығарып бергенде анық сезінді. Аз тиражбен шықса да, атағы алысқа кетті. Елдің түкпір-түкпірінен таныс-бейтаныс кісілер хабарласып, байғазылап, кітабын сұрап жатқанда: «Қазағым, бар екенсің ғой!» – деді еріксіз жүрегі елжіреп.

Міне, сол Қуаныш Мұқтай ақынның жаңа өлеңдер жинағы жарыққа шықты (суретте). Сатып алам деушілер газет редакциясына хабарласуына болады.

Жан ТІЛЕУ

 


 

About Zika1961