Home » АЙҚАРМАДА АЙТАРЫМ – ҚОҒАМ ҚЫЖЫЛЫ » АҚТӨБЕДЕГІ АМАЛСЫЗДЫҚ

АҚТӨБЕДЕГІ АМАЛСЫЗДЫҚ

2015 жылғы 23 қаңтарда Ақтөбе қалалық әкімдігінде Алматы қаласынан келген «Көлік және коммуникация» ЖШС ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Байболат Баймаханбет 2014 жылдың сәуір айы мен мамыр айының аяғына дейін жүргізген Ғылыми зертеулерінің нәтижесі туралы есеп беріп, алда нелер жасалуы керектігіне тоқталды. Көрсетілген уақыт аралығында Ақтөбедегі жолаушы тасымалын бүге-шігесіне шейін ғылыми түрде зерттеген ол қандай жетістік (?), қандай кемшілік барын айтты.

Оның ішінде халықтың қауіпсіздігі үшін тасымалдаушыларға алдағы уақытта не жасау керектігі туралы да, бұнымен қоса Ақтөбе облыстық мәслихатының «Нұр Отан» партиясы атынан депутаты, ОЮЛ «ЕМШАН-EMSHAN CO» компаниясының президенті Мейіржан Өндіргеновтің (суретте) қарамағындағы «Автопарк» ЖШС-нің мемлекет қаржысынан субсидия алып отырғанына қарамастан, халық үшін керекті бірталай шаруаларды істемей отырғанынан да хабардар етті. Сондай-ақ М.Өндіргеновтің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге барынша кедергі жасап, осы жұмысқа қатысты адамдарды әртүрлі сылтаулармен автопаркке кіргізбегенін, тиісті ақпарат бермегенін де айтты.

Неге екені белгісіз, бұл жиын қалалық әкімшілікте өтіп, оған негізінен сол әкімшілік қызметкерлері ғана қатысты, ал халық арасынан тек кездейсоқ білген біз сияқты бір-екі адам ғана болды. Өйткені бұндай жиын болатыны туралы ешқандай хабарлама болмаған, ешкім шақырылмаған.

Тағы бір «әттегенайы» – тасымалдаушылардың өкілдері бұл жиынға қатысқанына қарамастан, сыйымдылығы үлкен автобустың сыйымдылығы кіші автобустан қандай айырмашылығы бар, екеуі де автобус бола тұра, неге екі түрлі жолақы, яғни бірі – 55 теңге, ал екіншісі – 60 теңге (бұрын бірі 45 теңге, екіншісі 55 теңге болатын – Н.Е.) деген сұрақ жауапсыз қалды. Сонда бұл халықтың қалтасына қол салу емес пе? Әр күн сайын қалада жолаушы тасымалдау үшін бес жүзге тарта автобус шығады, олардағы кондукторларға жалақы төленбейді, әлеуметтік салық және зейнетақы жинақтау қорына тиісті жарна аударылмайды, еңбек өтілі есептелмейді. «Неге?» деген сұрақтарға да жауап таба алмадық. «Әттеген-ай!» деумен тарастық. Тек көңілге аз-маз демеу болғаны – Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қалдығұлов мырзаның жиынға басшылық жасай отырып, осы сұрақтарды естігені ғана.

Алайда біздің «әттегенайымыз» бұнымен бітпейді. Мысалы, М.Өндіргенов Ақтөбе облыстық Көлік инспекциясының басқарма бастығы Батырхан Дабылдың үстінен ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевқа жалған арыз түсірген. Оның арызы негізсіз болғандықтан және жала жапқаны үшін Облыстық көлік инспекциясының басқарма бастығы Батырхан Дабыл оның өзінің үстінен сотқа шағымданған болатын (Қараңыз: газета «Эврика». № 38 от 24 сентября 2014 года). Кейін баспасөзде жазылғанындай, М.Өндіргеновтің кешірім сұрауына байланысты олар өзара мәмілеге келіп, сот ісі тоқтатылды (Қараңыз: газета «Диапазон». № 41, октябрь, 2014 г.).

Сонымен, біріншіден, бұндай адам қалай халық қалаулысы бола алады, халықтың жағдайын ойлайды дегенге кім сенеді?! Екіншіден, құқық қорғаушылар мен заң қадағалаушылары қайда қарап отыр деген заңды сұрақ өз-өзінен туады. Бізге, қарапайым халыққа «осындай депутаттар тұрғанда және Заңға қарсы қандай әрекет жасаса да, оларға ештеңе болмайтын мықтылар тұрғанда, мемлекеттік тәртіп қайдан орнасын?» – дегеннен басқа амал қалмайды.

Нығметбай ЕРМАХАНОВ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны

About Zika1961